Ұлттық қордан балаларға аударылатын ақшаға салық салына ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейін Ұлттық қордан бала шотына ақша аудару ережелері қашан бекітілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2024 жылдан бастап осы тетік іске асады. Жүйеде болған 18 жасқа дейінгі балаларға жылдық қорытынды бойынша тиісті инвестициялық кірістің 50 пайызы түседі. Осы 50 пайыз әр балаға үлестіріледі. Жалпы 6,5 млн бала 18 жасқа толғанша осы жүйеде болады. Мысалы, инвестициялық кіріс теріс болса, не болатынын да талқыладық. Тек бір жылдың кірісін ғана қарамаймыз. Біз орташа 18 жылдағы кірісті аламыз. Себебі, біздің мониторинг бойынша 18 жылдың ішіндегі әр кезеңде кіріс оң болуы керек. Сол себепті осы механизм бойынша жұмыс істейміз», - деді ол.

Ол бала 18-ге толған кезде азаматтығын ауыстырса, не болатынын да айтты.

«Егер бала азаматтығын ауыстырса, бұл қаражатты ол алмайды. Бұл ақша басқа балаларға, жалпы Ұлттық қордың ішінде үлестіріледі. Ұлттық қордағы шотынан ақша алғанда оған салық салынбайды», - деді Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, 18 жасқа толған бала шотындағы ақшаны алғанда салық салынбайды. Механизм дайын. Қаржы министрлігі ережелерін дайындап жатыр.


Соңғы жаңалықтар