Ұлттық қордан алынатын трансферт 280 млрд теңгеге азайды - Бақытжан Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі 280 млрд теңгеге азайды. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұнайлық емес тапшылықты одан ары төмендету бойынша міндет қойылды. Орташа мерзімді жоспарда 2025 жылға қарай біздің мақсат - оны 6 пайызға дейін жеткізу. Бұл көрсеткішке қол жеткізетіндігімізге сенімдіміз. Бірінші кезекте, ағымдағы жылдан бастап-ақ Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті төмендетуді бастадық. Егерде біз жыл сайын 2 трлн 880 мрлд теңге алатын болсақ, ағымдағы жылы 280 млрд теңгеге төмендеттік. Келесі жылы 300 млрд-қа төмендетеміз. Ал 2020 жылы біз Ұлттық қордан тек қана 2 трлн теңге алатын боламыз. Ал бұл аталған көрсеткішті төмендетуге әкеледі», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, еліміздің экономикасын әртараптандыруға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұған қоса, елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен экономикалық өсімнің жаңа моделі жария етіліп отыр.

«Осыған байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Фраунгофер институтымен бірлесіп, бүкіл елдегі 500 ірі және орта кәсіпорындарды зерттеп, олардың 4.0 параметрлеріне дайындықтарын саралады. Бүгіннің өзінде 14 ірі компанияның өз бағдарламасы бар. Экономиканы цифрландыру бойынша да үлкен жұмыстар жүргізілуде», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, еліміздің жүйе құраушы компаниялары цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Олар өздерінің бәсекелестігін, еңбек өнімділігін арттырып, экспортқа шығаратын өнім үлесін арттыра түсуде.

 

Соңғы жаңалықтар