Ұлттық қор - болашақ ұрпақтың игілігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бастапқыда Қазақстан экономикасы көптеген посткеңестік мемлекеттердегі секілді толықтай теңгерімді болған жоқ. Яғни, индустриалды және аграрлық секторда ауқымды өндірістік қуаттар бола тұра, республика негізінен өнеркәсіптік шикізаттың экспорттаушысы және өңделген өнеркәсіптік өнімнің импорттаушысы ретінде белгілі еді.

Осыны ескере отырып, Қазақстанда дамудың елеулі бағдарламалары жүзеге асырылуда. Оның ішіндегі маңыздысы  - Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы. Бүгінде осы бағытта екінші бес жылдықтың жобалары іске қосылып жатыр. Ұлттық экономиканың ерекшеліктерін назарға алып, мемлекетте  нарықтық конъюнктураға қарамастан тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдануда. Осы ретте шет елдердегі тұрақтандырушы қорлардың тәжірибесі мен жұмыс істеу ұстанымдарын ескере отырып, 2000 жылдың тамызында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық қор құрылған еді. Оның негізгі мақсаты болашақ ұрпақ пен экономиканы тұрақтандыруға арналған.

Атап айтқанда, Ұлттық қор елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын, алдағы ұрпаққа қаржы жинақтауды қамтамасыз етуге, қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалына экономиканың тәуелділігін төмендетуге ауқымды өз үлесін қосуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Ұлттық қор Қазақстан үшін «қауіпсіздік жастығы» ретінде қызмет етуде. Естеріңізде болса, Қазақстандағы аталған қор посткеңестік кеңістікте бірінші болып құрылғандардың бірі. Оның моделі қоғам игілігі үшін табиғи байлықтан келетін табысты тиімді басқару тетіктерін ескерген.

Ұлттық қорды құру идеясы әуелде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап талқыланған еді. Бұл тұрғыда шикізаттық сектордан түсімдер айтарлықтай қомақты болған кезеңнен резервте жинақтау жүзеге асырыла бастады. Қазақстанның Ұлттық қоры іспеттес қорлар көптеген елдерде жұмыс істеуде және осы тектес қызметтерді атқарып келеді.  Сонымен қатар мұнай мен газды, металды сатудан келген валюталық түсімдерді резервілеу ұлттық валюта бағамын реттеуге мүмкіндік береді. Себебі, ол экспортқа негізделген және ішкі нарыққа жұмыс істейтін кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне де байланысты.

2008-2009 жылдардағы дағдарыс жағдайларында Ұлттық қор қаржысы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарын жүзеге асыру үшін пайдаланылды. Бұл ретте елдің қаржылық жүйесін тұрақтандыруға, сондай-ақ баспана құрылысын қамти отырып, экономиканың негізгі салаларын қолдауға мүмкін болды. Қазіргі кезде Ұлттық қор қаржысы есебінен инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» ауқымды бағдарламасы орындалып жатыр. Дегенмен де қалыптасқан экономикалық ахуалды, сонымен қатар болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтап қалу қажеттілігінен, биылғы күзде Президент Н. Назарбаев Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуға тапсырма берді.

«Ұлттық қордың қаражатын сақтап, одан әрі жинақтау мақсатымен 2016 жылы кепілдендірілген трансферт көлемін 400 миллиард теңгеге қысқартуды, сондай-ақ мақсатты трансфертті 50 миллиард теңгеге азайтуды тапсырамын. Үкімет менің тапсырмаларымды жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында алдағы үшжылдық кезеңнің шығыстарын қарастыруы қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйекте өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бюджеттік заң жобаларына тиісті түзетулер енгізіліп, құжаттарды Парламент қабылдады. Сенатта жасаған баяндамасында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев  2016 жылы трансферттің жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгені құрағанын атап өтті. Мақсатты трансферт үнемдеу шараларының арқасында, яғни халықаралық қаржы ұйымдары займдарымен қосымша қаржыландыру мен Үкіметтің арнайы резерві есебінен 54,6 млрд. теңгеге азайды.

Үкімет үш жылдың барысында, яғни 2017 жылдан бастап бюджет шығыстарын және Ұлттық қордан тартылатын қаржы көлеміне теңгерім жасауды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, үш жылда қордың шығыстары мен түсімдері теңдесуі тиіс. 2016 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстанның алтын-валюта қоры 90,9 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл тұрғыда қиын экономикалық жағдайға қарамастан, қордың көлемі артып келеді. Бұл фактор өте маңызды, себебі жинақтың өсімі алдағы уақытта әлемдік экономикада болуы ықтимал теріс ықпалдардың салдарынан қорғануға жол береді. Осы арқылы, шикізаттық сектордан түсетін қаржыны сақтау мен жинақтау нәтижесінде елде ары қарай даму үшін ауқымды жеке ресурсы қамтамасыз етіледі. 

Соңғы жаңалықтар