«Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы қалай жүзеге асады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балалар – еліміздің болашағы. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын айтқан болатын. Осы ретте жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын балалардың жеке шотына аударып отыруды ұсынды. Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ. Жоба туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қалай жүзеге асады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауындағы ең маңызды бастамасының бірі – «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасы болды. Бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанша аударылатын болады. Ол жинақты мерзімінен бұрын есепшоттан шешіп алуға рұқсат етілмейді. Жинақталған қаржыны баспана сатып алуға немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Президенттің сөзінше, бұл жоба арқылы Ұлттық қор шын мәнінде ұлттық мәртебесіне сай болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Осыны жан-жақты қарастыра отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырды.

12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бір жылдан кейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын балалардың есепшотына аудару басталатынын еске салып, Қазақстан Ұлттық қорының табысы басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Фото:akorda.kz

«Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың кіріс көлемі соңғы 10 жылда жылдық көрсеткіші 1,6%-ды құрады, ал ұқсас Сингапур қорының табысы – 6,4%-ды, Норвегиялық қордың кірісі – 7,5%-ды құрайды. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс. Естеріңізге саламын, алдағы 7 жылда Ұлттық қордың активтері 100 миллиард долларға жетуге тиіс. Сондықтан ақшаны азырақ жұмсап, көбірек табыс табу керек», - деді Мемлекет басшысы.

Әлем елдерінде балалар қорына қанша қаражат құйылады?

Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының отбасында дүниеге келген адам ғана Араб Әмірліктерінің азаматы бола алады. Бұл елдегі жалпы тұрғындар санының 20%-ын ғана құрайды. Сәйкесінше, оларға ерекше қаржылық артықшылықтар беріледі. Мәселен, үйлену тойына дейін жастар БАӘ неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Шамамен әрқайсысына 20 мың доллар. Ал оны өтеу міндетті емес. Себебі отбасында бала дүниеге келген кезде несие автоматты түрде жабылады. Сондай-ақ мұнай мен газдан түсетін кірістерді пайдалана отырып, мемлекет жаңа туған нәрестенің болашағын қамтамасыз ету үшін депозиттік шот ашады. Әр баланың шотында 18 жасқа толғанға дейін шамамен 100 мың доллар жиналады. Алайда ел азаматтарының 15%-ы бала туғанда берілетін несие, жәрдемақы және депозиттерді пайдаланбайды. Бұл өз кірістерінің жеткілікті болуымен түсіндіріледі.

Кувейтте де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банкте шот ашылады. Оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыра алады.

Ирландия балаларға депозит түрінде ақша төлейді. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар бөледі. Баланың ата-анасы ақшаны үшке бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді.

Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді.

Аустралияда әрбір жаңа туған нәрестеге 4 мың аустралиялық доллар сыйақы беріледі (бұл 3 мың АҚШ долларынан сәл асады). Алғашқыда бұл осы соманың тек 30%-ын ала алуға болады. Ал қалған бөлігін одан кейінгі екі жыл ішінде алуға мүмкіндік бар. Бірақ айта кету керек, сыйақы ата-аналар балаға қажетті барлық екпені алса ғана беріледі.

Қазақстанда Ұлттық қордан аударылатын ақшаны кім қадағалайды?

Енді мұндай мүмкіндікке қазақстандық балалар да ие болып отыр. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ұлттық қордан бала шотына аударылатын ақшаның бірыңғай операторы болып белгіленгенін атап өтті. Жинақталған қаражат кәмелетке толған кезде ғана пайдалануға қолжетімді болады. Сонымен қатар биыл жобаны іске қосу үшін қажетті заңнамалық өзгерістер қабылдау жоспарланып жатыр.

«Ұлттық қор – балалар үшін» бастамасын 2024 жылдан бастап іске қосу тәсілдері әзірленуде. Шот операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» анықталды», - деді Тимур Жақсылықов.

Осы тұста, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамына түскен «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыруға қатысты сауал жіберді. Оған жауапта бастама 2024 жылы іске қосылатынын және нақты тетіктер тек пысықталу деңгейінде екені хабарланды.

«БЖЗҚ арнайы жинақтаушы шоттардың операторы болады деп жоспарлануда. Өйткені бүгінде ол – жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша шоттарды ашу және есепке алуды жүргізуге қажетті техникалық және кәсіптік мүмкіндіктері бар бірыңғай инфрақұрылымдық есепке алу орталығы. Бағдарламаның 2024 жылдан басталатынын ескерсек, 2023 жылы Бағдарламаны іске қосудың барлық тетігі егжей-тегжейлі талқыланады. Оның ішінде төлем тәртібін қоса алғанда, еліміздің заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады»,-деді БЖЗҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы - маңызды әлеуметтік бастама»

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Арман Байғанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» жобасы маңызды әлеуметтік бастама деп санайды. Оның айтуынша, бүгінде мемлекет адами капиталды дамытуға және қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуына жағдай жасауға бағытталған бірқатар жүйелі шараны іске асырып жатыр. Сарапшының пайымынша, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 5 маусымда өткен республикалық референдумда қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдаған Конституциялық реформа аясында қарастырылуы керек.

«Біз білетіндей, Конституцияға жер мен оның жер қойнауы халыққа тиесілі екендігі туралы норма енгізілді және оны іске асыру мақсатында осы бағдарламаға бастамашылық жасалды. Екіншіден, бастама әлеуметтік-экономикалық саясаттағы әділеттіліктің практикалық көрінісі ретінде қызмет етеді. Ең бастысы, қазақстандықтар елдің ұлттық байлығының игігілін тікелей сезіне алады», - деді сарапшы Арман Байғанов.

Сонымен қатар сарапшы мұны іске асырмастан бұрын егжей-тегжейлі зерттеу қажет екенін атап өтті.

«Мәселен, Таяу Шығыс елдерінде балаларға қаржылық қолдау қауіпсіздігі қарастырылған. Бастаманы іске асыру тетігі техникалық жағынан күрделі емес. Бірақ алдымен қаржылық мониторинг, жергілікті есеп жүргізу қажет. Инвестициялық табыс Қордың бір жылдағы белсенділігіне байланысты болады. Бастама өте жақсы деп ойлаймын. Бұл тіпті 200 мың теңге болса да жақсы көмек. Менің ойымша, ақша депозиттік шоттардағыдай жиналады», - деді ол.

Экономистің айтуынша, Ұлттық қордың инвестициялық табысына халық шын мәнінде қызығушылық таныта бастайды. Бұл Қордың тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

«Президент Ұлттық қордың табысы тиімділігінің төмен екенін және одан аз ақша жұмсау қажеттігі туралы айтты. Бізде негізінен барлық инвестициялық табыс жергілікті экономикаға бағытталады. Сондықтан басқа елдерге инвестиция салу керек, бұл тиімдірек болады», - деді Арман Байғанов.

Сарапшының мәліметінше, Қазақстан Ұлттық Банкінің ақпараты бойынша, осы жылдың шілде айының қорытындысына сәйкес, Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 53 млрд долларды құраған. Сонымен қатар Президенттің алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында белгіленген Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту, қорды сапалы басқаруды қамтамасыз ету, оның сақталуы және лайықты инвестициялық табыс көзделіп отырғанын жеткізді.

Жалпы экономистердің басым бөлігі Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл сайын қандай болатынын нақты айту қиын екендігін жеткізді. Оған валюта бағамы, мұнай бағасы, акциялар құны және басқа көрсеткіштер себеп болады. Мәселен, Ұлттық Банктің дерегі бойынша, 2021 жылы инвестициялық табыс 4,2 млрд доллардан асты. 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, 17 жасқа дейінгі балалар саны 6 325 950 адамды құраған. Ұлттық Банк пен Үкіметтің есептеулері бойынша, балалар 18 жасқа толғанда жеке шотына шамамен 3 мың доллар жинақталатын болады.

Қорытындылай келе, болашақ ұрпаққа қалдыратын қаражат Ұлттық қордың меншігінде. Оның адам капиталына қызмет ету керек екенін қоғам талай мәрте көтерген болатын. Президент бастамасы соның нақты қадамы екенін атап өту керек. Алдағы кезеңдегі маңызды міндет – стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды, сондай-ақ адами капиталды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға баса назар аудара отырып, Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдалану болмақ.



Соңғы жаңалықтар