Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 3,4 млрд долларға азайды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,4 млрд долларға төмендеді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері валюталық интервенциялар, екінші деңгейдегі банктер шоттарындағы қалдықтардың қысқаруы және сыртқы борыш бойынша төлемдер салдарынан жыл басынан бері 2,4 млрд долларға төмендеп, 32 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,4 млрд долларға төмендеп маусымның соңында 51,9 млрд долларды құрады. Республикалық бюджетке биылғы 6 айда 2,4 трлн теңге сомасына трансферттер бөлу үшін 2,7 млрд долларға валюталық активтер сатылды», - деді Ұлттық банк төрағасы

Ғалымжан Пірматовтың атап өтуінше, мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында жыл басынан бері түсімдер 3,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астамға артқанын көрсетеді.

«Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 30 маусым аралығында жылдық мәнде 3,05 пайыз болды. Жалпы халықаралық резервтер маусымның соңында 83,9 млрд долларды құрады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмау және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар