Ұлттық қор активі бір айда 850 млн долларға артты - ҰБ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық қордың активтері қазан айында 851 млн долларға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы халықаралық резервтер қазан айында 85,4 млрд доллардан 1 млрд долларға өсті. Алтын-валюта резервтері өткен айда 33,0 млрд долларға дейін 1 пайызға артып, импорттың шамамен 7,1 айын жабуға мүмкіндік берді. Ұлттық қордың активтері өткен айда 52,4 млрд долларға дейін, 1,5 пайызға өсті. Жыл басынан бері қаражатты пайдаланудың қорға түсетін түсімдерден асып кетуі аясында 5,3 пайызға төмендегені тіркелді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджетке 4 трлн теңге сомаға трансферт бөлу үшін жыл басынан бері 3,8 млрд долларға валюталық активтер сатылды.

«Ақша-кредит саясатын күшейту тұрғысынан дамыған елдердегі орталық банктердің риторикасы аясында облигациялар мен акциялар нарығының жыл басынан бері құлдырағанын көрдік. Алайда, қазан айында акциялар нарығында 7,2 пайыз өсу байқалды. Соның әсерінен Ұлттық қордың активтері қазан айында 851 млн долларға артты», - деді Берік Шолпанқұлов.


Соңғы жаңалықтар