Ұлттық компания өкілдері қостанайлық кәсіпкерлерді әріптестікке шақырды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін Қостанай қаласында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің және өңірдің бизнес-қоғамдастығының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ауқымда шараға Нұр-Сұлтан қаласынан министрліктер мен ұлттық компаниялардың өкілдері арнайы шақыртылды. Астаналық меймандар өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндіктерін түсіндіріп берді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов айтқандай, бұл тұста мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауға барынша ден қойғанына тоқталды.

«Былтыр Қостанайда халықаралық инвестициялық форум өтті. Ол биыл да, үшінші рет күз айларында ұйымдастырылады. Өткен айда облысымызға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп кетті. Сапар нәтижесі бойынша, өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесіп, олардың жұмысына оң бағасын берді. Облыс экономикасын дамыту мақсатында алға қойылған жоспарлар, атқарар жұмыстар көп. Мәселен, биыл шағын және орта бизнестің облысаралық үлесін 28,2%-ға жеткізуіміз керек. Ол былтыр 25% болған. Енді Елбасы тапсырмасы бойынша, жыл сайын 3%-ға арттырып отыруымыз қажет», - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімі өңір кәсіпкерлерінің белсенділік танытуы керек тұстардың әлі көп екенін айтты. Әсіресе, инвестициялық комитеттер, ұлттық компаниялар ұсынған артықшылықтарды қолдануға бейімделу керек. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының маманы Әлішер Әбдіқадыров инновациялық гранттар, шығынның орнын толтыру, салықтық жеңілдіктер секілді бизнесті қолдау шаралары туралы кең көлемде мәлімет берді. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі Дәулет Әбілқайыров Қостанай облысына құйылған қолдау қаржыларын айтып берді.

«Осы жылы Қостанай облысында 1957 жобаға 148 млрд теңге қарастырылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 жобаға 2 млрд теңге, «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 350 жобаға 14 млрд теңге аударылды», - деді ол.

KAZAKHEXPORT ұлттық компаниясының мүшесі Руслан Ысқақов экспортты қолдау мүмкіндіктерінен мағлұмат берді. Ел бойынша 80-нен астам кәсіпорын бұл компаниямен әріптес болса, соның бір парасы Қостанайдан. Атап айтқанда, «Баян-Сұлу», «Арасан», «СарыарқаАвтопром», «Терра» сынды бірнеше ірі өнеркәсіптердің шетелмен экономикалық қарым-қатынастардағы қамқор қызметтесіне айналған. Компания өзге де қостанайлық бизнес өкілдерін әріптес болуға шақырды.

Жиын соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов өңірдің бизнес-қауымдастығының министрліктермен, ұлттық компаниялармен біріге атқаруы тиіс бірнеше міндетті айқындап, аудан-қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұған дейін Қостанай облысының өнеркәсіп өндірісінде айтарлықтай өсім байқалғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар