Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтеді. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.

Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.

Айта кетерлігі, осы жылдың шілде мен тамыз айларында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Ұлттық кеңеске мүшелікке енген азаматтармен кездесу өткізілген болатын. Сол кездесудегі талқылау барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының алдында ұйымдастырушылық жиынды өткізу уағдаластығына қол жеткізілді.

Ұйымдастырушылық жиын 28 тамызда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өтті. Кездесу жұмысына Ұлттық кеңестің мүшелері қатысты. Оның аясында Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері, Ұлттық кеңестің бірінші отырысын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, жұмыс топтары құрылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 шілдедегі №63 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы Ережеге сәйкес, Ұлттық кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды.

Сол күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.


Соңғы жаңалықтар