Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне үйреншікті сарапшылар ғана жиналмауы керек - Мұхтар Манкеев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда құрылатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жаңа идеялары бар жаңа тұлғалар қажет.

Бұл туралы «Қазақстан - 2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл бастаманы Президенттен екінші рет естіп отырмыз. Бірінші рет сайлауалды үгіт-насихат кезінде айтқан болатын. Бүгін нақты сайланып, Президент ретінде бекітіліген соң толық сеніммен айтты. Біз қазіргі кезде Қазақстанда түрлі аудиториялардың қалыптасқанын көріп отырмыз. Оның бір дәлелі - жексенбіде өткен сайлау. Қасым-Жомарт Кемелұлы 70% алды, өзгелері 15%, 5%, 1,5% дауыс жинады. Бірақ, әр пайыздың артында мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар тұр. Олар әр үміткердің бағдарламаларын оқып, сенім артып, дауыс берді. Бұл біріншіден біздің қоғамның белсенділігін көрсетеді. Екіншіден, әр аудиторияның сұрақтары мен көзқарастарының бөлек екенін көрсетті. Сондықтан, барлық топтармен жұмыс істеу үшін жаңа коммуникациялық платформа қажет», - деп атап өтті Мұхтар Манкеев.

Оның айтуынша, күнделікті көріп жүрген сарапшылар қайтадан жиналып алса, кеңестің еш ерекшелігі болмайды.

«Кеңеске қоғам белсенділері, сарапшыларды шақырамыз деп жатыр. Ол кісінің идеясын дұрыстап жүзеге асыру - басты мақсат. Күнделікті көріп жүрген сарапшылар, күнделікті саясатта жүрген адамдар қайтадан келіп отырып алса, өзгерістің болуы екіталай. Менің ойымша, кеңеске қоғамның барлық тобынан жаңа идеясы бар жаңа адамдар керек. Олар сөзбен емес, іспен өздерін нақты дәлелдеген адамдар керек. Кеңесте неше түрлі жобалар жүруі мүмкін. Соның бәрін сарапшы жүзеге асырып көрмесе, ойлары да бөлек боулы мүмкін. Ал кеңестің басты рөлі - Қазақстандағы 18 млн азаматтың әрбірінің ертеңгі күнге үмітін ақтап, жақсы коммуникациялық жолға айналу», - деді М. Манкеев.

Сарапшы кеңес форматын интерактивті, ашық етіп, қоғамдағы барлық топтың белсенділерін қатыстыруды және кеңесті саяси емес, әлеуметтік кеңес ретінде дамытуды ұсынды.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды ұсынып, кейіннен Жарлыққа қол қойды.

Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді.

Соңғы жаңалықтар