Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін кім басқаруы керек - депутат пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін басқару туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мұндағы үстемдік қоғамда болатынына кәміл сенімдімін. Біздегі азаматтық қоғам айқын қалыптасқан, яғни бізде партиялық ұйымдар, қоғамдық ұйымдар сынды диалогтық алаңдар бар. Кеңес жұмысының табысты болуы үшін халықтың барлық мақсатты тобының мүдделерін ескеру маңызды. Сәйкесінше, партия өкілдері міндетті түрде Кеңеске енуі керек, себебі партияның мақсатты тобы бар. Ал азаматтық альянс, кәсіподақ сынды қоғамдық бірлестіктер еңбек ететін 2 млн астам халықты біріктіріп отыр. Әрі қарай мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар сынды өзге де әлеуметтік ұйымдар Кеңес жұмысына қатысуы тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар болмасын деген пікірлерді естіп жүрміз. Мемлекеттік органдар қатысуы тиіс, себебі пікірталастан нағыз ақиқат туады», - деді депутат «Қазақстанның даму траекториясы: сабақтастық, әділдік, өрлеу» атты дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, П. Казанцев Ұлттық кеңестің басқару формасы жөнінде ұсыныс білдірді.

«Шектен шығатын кереғар пікірлер де бар. Мемлекеттік аппараттың белгілі бір деңгейде консервативті болуы заңды. Ал шындық алтын аралықта жатыр, ынта-ықылас пен мүмкіндіктеріміз қазіргі сын-қатерлер мен кемшіліктерге жедел жауап қатқанда пайда болады. Кезінде Елбасы шағын және орта бизнесті жылдам дамыту қажет болғанда тапсырма берген болатын. 2000 жылдардың басында, дағдарыстан шыққан соң, Кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық комиссия құрылды. Онда қоғам мен мемлекеттік органдар үлесі 50/50 болған. Кез келген диалог цифрландыруға келіп тірелетін. Қай нәрсені жақсарту қажет болса, ең алдымен цифрландыру керек болды. Цифрландыру болмаса, бағдарламалар қабылданатын. Мұнда да жедел шешім қабылданатын жұмыс формасы қажет. Сондықтан оны беделді саясаткер басқаруы қажет. Тіпті Президенттің өзі басқаруы мүмкін деп ойлаймын. Әрине, соңғы шешімді дауыс беру арқылы бірінші басшы қабылдайды. Алғашқы кезеңде бірінші басшы, екінші кезеңде өкілетті тұлға шешім қабылдап, жұмыс істейді. Менің ойымша, осындай формат болуы қажет», - деді Павел Казанцев.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді.

Соңғы жаңалықтар