Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделі енгізіледі - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Кинематография туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде прокатты қосқанда, барлық картиналар толық көлемде қаржыландырылады. Сәйкесінше, бұл шығарылатын картиналардың санын, сондай-ақ олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектейді. Өйткені өндіруші, продюсер, шығармашылық топ өндіріс барысында өздерінің барлық гонорарларын алып қояды», - деді ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа кесте қаржыландыру көлемі бойынша фильмдерді айқын саралауға бағытталған. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар фильмдер сметалық құнының жүз пайызына дейінгі толық көлемде қаржыландырылады. Бірінші кезекте балаларға арналған, әлеуметтік маңызы бар, анимациялық және дебюттік картиналар қамтылады.

Бұдан бөлек, бірлесіп шығарылатын фильмдер немесе бірлескен өнімдер шетелдік кинокомпаниялармен оларды өндіру туралы тиісті келісімдерде көзделген шекте қаржыландырылады.

«Ал барлық басқа да көпшілік, коммерциялық деп аталатын фильмдер ішінара инвесторлар мен жеке капиталдарды тарту шарттары арқылы 10-нан 70 пайызға дейін қаржыландырылады. Өтініштерді қарастырған кезде кино жобаны таңдау талаптараның бірі - өндіруші жағынан қаржылық қамтамасыз етілуі», - деді А. Мұхамедиұлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті ірі кинокомпанияларды атады.

Сонымен қатар министр фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар