Ұлттық киноны қолдау орталығы режиссерлердің сынына жауап берді
2022 жылғы 19 мамыр 16:47

Ұлттық киноны қолдау орталығы режиссерлердің сынына жауап берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күні кеше мұхиттың ар жағынан ақжолтай хабар жетті. Отандасымыз Әділхан Ержанов түсірген «Штурм» фильмі Лос Анджелесте өткен LA Asian Pacific Film Festival кинофестивалінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Дәл осы туынды таяуда Францияда өткен кинофестивальде де бас жүлдені қанжығасына байлаған еді. Демек, Қазақстан кинематографистерінің әлем назар аударуға қауқары толық жетеді деген сөз. Алайда, сүбелі жаңа туынды түсіру үшін қомақты қаражаттың мемлекет тарапынан да қажет екендігі сөзсіз.

Кинематографистер неге наразы?

Иә, елімізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бар. Орталық отандық киноларды түсіруге мемлекет қаражатын бөледі. Бірақ, дәл осы ұйым жұмысына көңілі толмайтынын режиссерлер біраздан бері айтып жүр. Мәселен, таяуда агенттік тілшілеріне сұхбат берген Ерден Тілемісов Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында түсініксіз жайттар орын алып жатқанын ашық айтып, өкпе-ренішін білдірген болатын.

Оның атап өтуінше, аталған орталық питчинг алу үшін қажетті құжаттамаларды, өтінім беру ережесін өзгертіп жіберген.

«Жоспарларыңызды жүзеге асыруға қаражат алу үшін 3 жылғы еңбегіңді көрсетуге тиіссің. Соңғы 2 жыл карантинге тап келгенін, ал кино түсірілмегенін ескерсек, заң тыңғылықты әзірленбеген. Ол кинематографистердің ескі мектебіне қаржы алу мүмкіндігін тыйып, жастардың жолын жабады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бюрократия арта түсуде. Ісін енді бастаған кинематографистер мүлдем ақша ала алмайды. Оның питчингке қатысу мүмкіндігі жоқ. Өйткені, кинода баяғыдан бері жүргендердің ғана тиісті құжаттар топтамасын жинау мүмкіндігі бар», - дейді ренішін жасырмаған Ерден Телемісов.

Өз елінен гөрі жат жұрттан, нақтырақ айтсақ Еуропадан кино түсіруге қаржылай қолдау жиі алатын режиссер әрі продюсер Жаннат Алшанова да Қазақстандағы киноны мемлекеттік қаржыландыру көптеген көрсеткіш бойынша халықаралық стандарттармен нашар кірігетін, болжап болмайтын жүйе екендігін алға тартады.

«Кино түсіру – бұл онсыз да күрделі әрі шетін процесс. Барлық уақыт үздіксіз өзгеріп отыратын ережелерге, заңдар мен болжап болмайтын мерзімдерге ыңғайлануға тура келу шығармашылыққа қатты әсерін тигізеді. Мәселен, жаңа заңда кинокомпаниялар сұралып отырған бюджеттің 50 пайызы мөлшерінде кірісін растау керек деген міндетті талап бар. Көпшілік менімен келісетін шығар, мұндай заң мәдениетке қатысты қолданылмауы тиіс. Өйткені дәл осы жайт авторлық, деректі, дебюттік және анимациялық кино түсірумен айналысатын тәуелсіз кинокомпанияларды тұншықтырып отыр десек те болады. Қалай десек те мұндай заң келісіліп, қабылданып кетті», - деді Жаннат Алшанова.

Режиссер Серік Әбішев те мемлекет тарапынан отандық киноны қолдауға қатысты кемшіліктердің бар екенін ашық айтады.

«Мемлекет киноға қолдау көрсетіп, қаражат бөліп келеді. Жыл сайын халықтың қаражаты есебінен фильмдер түсіріліп те жатыр. Қолдауға мұқтаждарға қаражат қаншалықты тиімді жетеді – бұл басқа мәселе. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «Кинематография туралы» Заңның негізінде 2019 жылы құрылған болатын. Өкінішке қарай, заң редакциясы көңілге қонымды емес. Мүмкін ойластырған дүниесі жақсы да шығар. Бірақ, басқа мазмұнда қабылдап жіберген. Үш жыл бойы орталық басшылығы кинематографистерге питчингке өтінім қалай беру керек, қандай құжаттар жинау қажет деген сынды заңда жазылған ерекшеліктерді түсіндіріп келді. Кинематографистер құжаттар тізімін көргеннен кейін, құжаттаманың сауатсыз жазылғанын байқады. Кейбір құжатты жинаудың еш қажеті де жоқ. Айталық, актермен келісімшартты тіркеу қажет. Алайда, егер питчингке арналған жобаға өтінім берсең, онда қандай келісімшарт жайында сөз қозғалуы тиіс? Актерлер питчингтен кейін бекітіледі емес пе?», - деді Серік Әбішев.

Оның айтуынша, 2019-2020 жылдары орталық басшылығы кинематографистердің наразылығынан кейін ұсынылатын құжаттар тізімін өзгертті.

«Питчинг сатысында кинематографистер құжаттарға шығындар лимитін тіркеуі тиіс. Бірақ, заң жобасында шығын лимитінің орнына смета көрсетілген. Смета – бұл ең соңғы қорытынды құжат. Фильм түсіру үшін қажетті режиссерлік сценарий мен керек мәліметтер жоқ кезде смета жасалмайды. Алғашқы жылдары орталық басшылығы құжаттарды оңайлатуға тырысқан. Қазіргі ахуал мүлдем басқа. Кинематографистердің келіспейтініне қарамастан қазіргі басшылық режисерлердің міндетін жеңілдеткісі келмейді», - деді режиссер.

Осыдан кейін Ұлттық киноны дамыту мемлекеттік орталығына мән-жайды түсіндіруін өтініп, жүгінген едік. Ұйым баспасөз қызметі ресми берген жауабында өткен жылы питчинг алуға берілген 500-ге жуық өтінімнің нәтижесі биыл неліктен жойылғанын, орталық қандай саясат ұстанатынын жан-жақты түсіндіруге тырысты.

Нәтижесі жойылған өтінімдер

Орталықтың түсіндіруінше, 2021 жылғы конкурстық іріктеу нәтижелерін қараусыз қалдыру туралы шешім ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған.

«Мұның басты себебі 2022 жылдың 14 қаңтарында ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру ережесін қатаңдату туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, жаңа ереже жеткізушінің қаржылық тұрақтылық көрсеткіші қолдануын көздейді. Бұл жаңашылдық киножобаларды қаржыландыруға тікелей әсер етеді. Өйткені, шынымен де жеткілікті қаржылық қоры жоқ, киноөндірісті енді бастағандар үшін қосымша кедергілер туындайды. Осылайша, егер ведомствоаралық комиссия іріктеу нәтижесін күшінде қалдырған жағдайда, онда мемлекеттік сатып алу туралы жаңа ереженің өлшемшарттарына іріктеп алынған саусақпен санарлық қана жоба сай келер еді», - деді орталықтан.

Мекеменің атап өтуінше, питчингке өтінім беру ережесі өзгеріске ұшырамаған. Тек конкурсқа қатысушылар Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген талаптарға сай болуы тиіс.

Айта кетерлігі, егер фильм өндірісінің құны 8 мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен, яғни 24 млн 500 мың теңгеден аспайтын болса, онда мұндай өтінім берген компаниядан қаржылық тұрақтылықты растау талап етілмейді.

Орталық жастардың жолына тұсау ма?

Орталық жас кинематографистерге жәрдем көрсетуге тырысатынын да алға тартады. Мәселен, 2020 жылғы конкурс қорытындысында 39 жоба мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болған екен. Оның ішінде жас режиссерлер түсірген 5 дебюттік фильм, 9 қысқаметражды, 5 анимациялық және 4 көркем жоба бар.

«Ал 2021 жылғы қыркүйекте қорғауға жіберілген конкурс қатысушылары арасында жастар үлесі «Авторлық кино» (шамамен 75 пайыз), «Анимация» (85) және «Жалпы көрермен аудиториясына арналған фильмдер» (80) секцияларында басым. Қазіргі уақытта Кино орталығы танымал кинематографистермен бірлесіп, ұзақ жылдар бойы «Қазақфильм» киностудиясының құрылымында болған «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігін қайта құру бастамасын көтерді. Бұл мәселе бүгінде барынша өзекті деп санаймыз», - деп атап өтеді ұйым баспасөз қызметінен.

Ал «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев заңдағы режиссерлердің наразылығын тудырған ең маңызды мәселелерді Мәжіліс және Сенат депутаттарымен талқылау үшін кездесуге дайындалып жатқанын айтады. Сонымен қатар ол да заңның шикі тұстары бар екендігін жасырып отырған жоқ.

«Қыркүйекте Мәжілістің жаңа сессиясына енгізу үшін кері қайтарып алып, пысықтау қажет. Барлық өзекті сұрақтарды талқылау және заңда реттеу керек. Мемлекеттік органдар мен кинематографистер қоғамдастығын жалпы үйлестіруге қатысты мәселе де өткір тұр. Қоғамдық ұйымдарымыз, Кинематографистер одағы мен Кинематография академиясы бүгінде бәрін толғандырып жүрген мәселелерді айтып жүр. Мен оларды толықтай қолдаймын. Өйткені, олар кинематография қауымдастығының басым бөлігінің пікірін білдіреді. Әрине, заңгерлерге де жұмыс көп. Бірақ, тың көзқарасты сарапшыларды да шақыруға болады. Заңшығармашылықта тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін кинематографистердің барлық талабына мүмкіндігінше жауап беретін, барлық өзекті сын-тегеурінді көрсететін жаңа заң жасауға бүкіл күшті шоғырландыру керек», - деді Есетжан Қосыбаев.

Айта кетерлігі, питчингке қатысуға өтінімдер қабылдау 18 наурызда басталып, 15 мамырда аяқталды. Осы жылы саланы мемлекеттік қаржыландыру сомасы шамамен 4,4 млрд теңгені құрайды. Алайда, орталық конкурс қорытындысы нақты қашан шығатынын айта алмай отыр. Өйткені, ең алдымен орталық жанындағы сарапшылық кеңес мемлекеттік қаржыландырудан үмітті киножабаларды қарайды. Одан кейін конкурс нәтижесінде іріктеп алынған жобалар мемлекеттік қолдауға үміткер фильмдердің соңғы тізімін келісетін ведомствоаралық комиссияға жіберіледі. Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана ҚР Мәдениет және спорт министрінің ұлттық кино өндірісінің тақырыптық жоспарына кіретін кино жобалардың тізімі көрсетілген бұйрығы шығады.

P.S. Отандық кинематография саласындағы осы мәселеге қатысты Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салып, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына да қосымша сұрақтар жіберген едік. Жауабын алдағы уақытта жария ететін боламыз.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT