Ұлттық кино талаптары заң жобасында нақты жазылып отыр - М. Құл-Мұхаммед

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық кино талаптары  «Мәдениет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында нақты жазылып отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында аталған құжатты талқылау барысында Мәдениет және ақпарат министрі  Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық кинематографияны одан әрі дамыту мақсатында және оған құқықтық негізді орнықтыру үшін заң жобасында ұлттық киноның талаптары нақты жазылып отыр. Атап айтқанда, жұмыстардың жалпы көлемінің кемінде 70 пайызын Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген кинематографиялық ұйымдар ғана жүзеге асыратын болады. Фильмнің продюссері Қазақстанның азаматы болуы шарт немесе бұны Қазақстан Республикасы аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға атқаратын болады. Түсіру тобының құрамындағы шетелдік мамандардың саны 30 пайыздан аспауға тиіс, ал шетелдік инвестиция көлемі картинаның жалпы қызмет ауқымының 30 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Бұндай талаптар Ресейдің және бірқатар ТМД мемлекеттерінің заңнамаларында бар», деді М. Құл-Мұхаммед.

Министрдің айтуынша, кітапхана ісі бойынша енгізілетін өзгерістер де еліміздегі осы саланы жетілдіре түспек. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні елімізде 3,5 мыңнан астам кітапхана бар екен. Соның ішінде 2 мың 30-ы орталық кітапхана атағына ие көрінеді. «Осы саладағы біркелкі жүйені заң шеңберінде қамтитын боламыз. Сондай-ақ  жергілікті атқарушы органдар құзырына облыстық, қалалық, аудандық немесе республикалық маңызы бар қалалар кітапханаларына орталық мәртебесін беру функциясын енгізу көзделеді. Заң жобасымен кітапханалық қорды қалыптастыру нормалары да нақтыланады», деді М. Құл-Мұхаммед.    

Соңғы жаңалықтар