Ұлттық кеңес шешімін таппай жатқан мәселелерді талқылауға мүмкіндік ашты - Айгүл Орынбек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек кеңес аясында әлеуметтік бағытта қандай мәселелер талқыланып жатқандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Президент Әкімшілігімен, министрлермен көптеген әлеуметтік мәселені көтеріп, тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы мүмкіндіктер жасалған. Zoom арқылы тікелей эфирде айына 2 рет министрлермен кездесіп, әр өңірде болып жатқан мәселелерді ашық талқылау жүргізілуде. Ал бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүйелі түрде нақты жұмыс істеп жатқанының белгісі. Бұрын көптеген мәселелерді министрліктердің тарапына ашық айта алмай жүрсек, қазір бірге талқылап, шешу тетіктерін қарастырудамыз. Осыған дейін әкімдер жасалмаған жұмыстарын жасыруға тырысса, қазір жергілікті жерде шешімін таппаған күрделі мәселелерді талқылап отыруға мүмкіндік жасалып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар Айгүл Орынбек осы уақытқа дейін еліміздің Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау министрлерімен бірқатар нақты мәселе талқыланғанын атап өтті.

«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровпен, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен Zoom арқылы онлайн кездесу өткіздік. Сол кезде Сапархан Омаровпен қазіргі уақытта оңтүстіктегі бағасы тұрақталмай отырған мақта мәселесін, Алексей Цоймен дәр-дәрмек мәселесін талқыладық. Алдағы уақытта орын алуы мүмкін коронавирустың жаңа толқыны кезінде жаздағыдай дәрілік заттар тапшылығын болдырмау жайын қозғадық. Қазіргі уақытта осы мәселеге орай қай жерге қанша ақша аударылғанын, қандай дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын зерделеп отырмыз», - деді Айгүл Орынбек.


Соңғы жаңалықтар