Ұлттық кеңес проблемалардың шешімін таба білді – Максим Рожин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі билік пен қоғам диалогы отырыстан отырысқа жақсарып келеді. Бұл пікірді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Максим Рожин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынын айту керек, бұл Кеңес құрылған сәттен бері менің назарымда. Өйткені бұл – ел билігі мен халықтың өзара диалогы. Меніңше, өте жақсы нәтиже беруі тиіс. Бүгін де сөйлеймін деген адамдар өз ойларын жеткізді. Мен өзім рухани-мәдени топтың мүшесімін, өзіміз алты ұсыныс бердік. Біздің ойымызша, осы алты ұсыныстың айналасында көтерілген мәселелер ел назарын аударып отыр. Бұл жерде мүгедек жандар мәселесін көтердік, тілге арнайы бағдарлама қажеттігін айттық, жастармен әсіресе, ауылдағы жұмысты жаңа деңгейде жүргізу керектігін тілге тиек еттік. Тағы өзімізге жауыр көрінгені – соңғы уақытта елде көп жағдай туындап жатыр. Еріктілермен жұмыс, одан бөлек, онлайн еріктілер де пайда болды. Біреу шын ниетімен көмектессе, біреулер оны алаяқтықтың бір айласына айналдырды. Сол мәселелер жөнінде ұсынымдар бердік», - деді Максим Рожин тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Ұлттық кеңестегі басқа да топтарда әр мүше өз бағытында, өз деңгейінде өзекті мәселелерді көтеріп жатыр.

«Менің түсінігімде бұл билік пен қоғам арасындағы диалогтың тағы бір мысалы бүгінгі төртінші отырыста айқын көрінді. Өзім осы диалогқа үлкен сенім артамын. Өйткені осы уақытқа дейін ел басына жиналған проблемалардың шешімін таба білдік. Оның ішінде өзіміз әріптес болып жүрген тілшілердің «жала жабу» бабы қылмыс санатынан алынды, экономикалық ұсыныстар заң жүзінде қабылданды. Бұл билік пен қоғам арасындағы диалогтың кеңестен кеңеске, отырыстан отырысқа, ұсыныстан ұсынысқа жақсаруы деп ойлаймын», - деді М. Рожин.


Соңғы жаңалықтар