Ұлттық кеңес мүшесі жетім балаларға деген көзқарасты өзгерту қажеттігі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетім балаларға түбегейлі жаңа көзқарас қалыптастыратын тұжырымдама дайындау қажет. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Уайс Ерсайынұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңес аясында қозғайын деп отырған тағы бір үлкен мәселеміз - жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жай-күйі. Қазір Қазақстанда мұндай балалардың жалпы саны 23 мыңнан астам екені белгілі. Мемлекет аталған топты өз қамқорлығына алып, 18 жасқа дейін балалар үйінде оқытып, бағып-тәрбиелеуді мойнына алғанын білеміз. Алайда сол балалар үйінің түлектерінің 90 пайызы мемлекетке жат, қоғамға өгей болып өсіп шығып жатыр. Түлектердің баспанамен қамтылуы өте төмен деңгейде болса, жұмыссыздық өте жоғары. Бұл жастар арасында ажырасу, ұрыс-керіс, қылмыс өте жоғары. Проблема неде? Осыған терең үңілуіміз қажет. Меніңше, бұл балалар үйі қабырғасынан басталған мәселе. Біз ең әуелі жетім деген ұғымның өзінен арылуымыз керек. Осы анықтаманың өзі балаларды өгейсітіп, кеудеден итеріп, шеттету болып саналады», - деді кеңес мүшесі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында.

Осы ретте ол жетім деудің орнына мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалар деп атауды ұсынды.

«Сонда ғана олар өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алады. Мәселе атауын өзгертумен ғана шешілмейді. Балалар үйінің қабырғасынан бастап қорғаудағы балаларды қоғамға бейімдеп, өмірге икемдеп, әлеуметтендіру қажет. Дәл қазір мұндай жұмысты ешкім жүргізіп отырған жоқ. Мемлекеттің көмегі тек материалдық игіліктермен шектелуде. Сонымен бірге балалар үйіне көмекті пиар үшін пайдалануға тыйым салу қажет. Балалардың рухани қажеттілігін қамтамасыз етуге тиісті институттар өз қызметтерін мүлдем орындамай отыр. Бұдан басқа, мемлекет пен қоғам қамқорлығындағы балалардың ең үлкен мәселесі – мектеп бітірген соң тұрғын үй мен жұмыс. Біз балаларға жастайынан материалдық игіліктермен көмектесу арқылы инфантильді, маргиналды топқа айналдырып жатқанымызды мойындауымыз қажет», - деді Уайс Ерсайынұлы.

Оның атап өтуінше, қоғамда аталған балаларды өз перзентім деп қабылдайтын түбегейлі жаңа көзқарасты қалыптастыратын тұжырымдама дайындалып, арнаулы бағдарлама қабылдан дұрыс болар еді.


Соңғы жаңалықтар