Ұлттық кеңес мүшелері Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасымен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесу барысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстан Республикасындағы Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасының жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат минитрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға сарапшылар, азаматтық қоғам және әкімдіктер өкілдері қатысты.

Тұжырымдаманың негізгі ережелерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды одан арғы дамытуға кедергі келтіретін түйінді проблемаларды шешу жөніндегі шаралар, сондай-ақ азаматтардың жергілікті жердегі атқарушы билік органдарына сенім деңгейін арттырудың жаңа әдістері талқыланды.

Тұжырымдама жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы барысында жарияланған тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген.

«Жаңартылған тұжырымдамада жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа моделі енгізілген, ол шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысуы мен рөлін кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға, ұйымдық, экономикалық және қаржылық мәселелерді шешудегі ауыл әкімдіктерінің дербестігін, тұрғындар алдындағы ашықтығы мен есептілігін, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметінің аражігін ажыратуға бағытталған», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Тұжырымдама жобасы шеңберіндегі негізгі реформалардың бірі - аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін тікелей сайлауды енгізу.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті Заңдар 2021 жылғы 24 мамырда қабылданды.

25 маусымда облыстық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің бірінші тікелей сайлауы жарияланды. Сайлау 25 шілдеде өтті.

Сайлау нәтижесінде 730 әкім сайланды (барлығы 2 345), олардың өкілеттік мерзімі 2021 жылы аяқталды. Сайлау кезең-кезеңімен, олардың өкілеттіктерінің аяқталу мерзіміне сәйкес 2025 жылдың бірінші жартысына дейін жүзеге асырылады.

Бұл ретте 2024 жылдан бастап облыстардағы аудан мен аудан әкімдерінің тікелей сайлауы енгізіледі.

Тағы бір ЖӨБ тұжырымдамасындағы маңызды жәйт, «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заңды әзірлеу. Онда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрылымы, қалыптастыру тәртібі және өкілеттіктері айқындалатын болады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың пәрменді жүйесін орталықсыздандыру мен құруға, басқару деңгейлері арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің қайталануын қайта бөлуге және болдырмауға мүмкіндік береді.

Сарапшылар, өз кезегінде, жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң жобасын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Ол саяси реформаларды сапалы іске асыруға мүмкіндік беріп, қоғамды демократияландыру мен азаматтарды жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау процесіне кеңінен қатыстыруға оң әсер етеді.

Жалпы, тұжырымдамада тұрғындардың маңызды шешімдерді қабылдауға белсенді түрде қатысуы бағамдалған. Мәселен, елдімекендердің мәртебесін, атауын және шекарасын өзгерту, жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін айқындау мәселелері.

Сонымен қатар ауылдық өкілді орган – кеңес құрылады. Кеңес төрағасы мен оның мүшелері жергілікті тұрғындардың жиыны арқылы 3 жылға сайланады.

Кеңес жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспары мен бюджетті бекітіп, оның орындалуын бақылайды, ауылдық деңгейде салық мөлшерлемелерінің мөлшерін, сондай-ақ ауылды абаттандыру мәселесін реттейді.

Осымен бірге, 2022 жылдан бастап ауыл деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша төрт түрі беріледі. Бұлар бірыңғай жер салығы, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем, оларды сатудан түсетін түсімдер және оларды жалдау құқығын сатқаны үшін төлем. 2024 жылы тағы да бірқатар салықтар мен төлемдер беріледі.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыс, аудан және ауыл арасында бөлінеді. Фискалдық орталықсыздандыру болжамы бойынша 2025 жылы ауылдық округ бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз етуі 35%-ке дейін ұлғайтылады.

Тұжырымдама жергілікті бюджет шығыстарын ұтымды бөлуді арттыруға және коммуналдық меншік нысандарын тиімді пайдалануға бағытталған шаралардан тұрады.

Осылайша, тіркелмеген коммуналдық меншік нысандарын түгендеу мен есепке қою оңайлатылған тәртіппен жүргізілетін болады. Ауылдық округ әкімі «Кеңеспен» бірлесіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіне беруге жататын мүлік түрлерін айқындайды. Ауылдарда әлеуметтік нысандарды жобалауға арналған шығыстарды төмендету үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Жоспарланған шараларды іске асыру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатына сәйкес келетін және азаматтардың мүдделерін сапалы іске асыруға бағытталған жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар