Ұлттық қауіпсіздік шекарадан басталады

None
None
ҮРЖАР. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік шекарадан басталады. Сондықтан да 7 мамыр - Отан қорғаушы мерекесіне орай Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылында орын тепкен Қазақстан Республикасы ҰҚҚ шекара қызметінің Мақаншы шекара жасағына арнайы барып қайтқан едік.

Мақаншы шекара жасағы 1927 жылдың 5 қазанында құрылған. Бір ғасырға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан Мақаншы шекара жасағы ең көне жасақтардың бірі болып саналады.

Осы ретте Мақаншы шекара жасағының командирі, подполковник Әлихан Аштаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді. 

null 

- Елбасымыз өз сөзінде «Халық бәрін кешіреді, бірақ тәуелсіздікті қолдан шығарып алсақ, бізді ешкім кешірмейді» деп айтқан болатын. Сол қастерлі ұғымның бақыты халқымызға бұйырғалы 27 жылдың жүзі болмақ. Осы жылдар ішінде шекара жасағы қандай жетістігімен мақтана алады?

- Тәуелсіздіктің 27 жылдығында шыққан биігіміз, жеткен жетістіктеріміз аз емес. Жақсылықты ешкім тартып алмайды. 2015-2018 жылдар аралығында Мақаншы шекара жасағы «Шығыс» өңірлік басқармасында әскери-тәртіптік нәтижесі бойынша үздік бөлім боп танылып келеді. Сондай-ақ, жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеуде десант-шабуылдаушы шекарашылар үздіктер қатарына шықты. Инженерлік жоспарды орындау барысында да кешенді жұмыстар атқарылды.

null- Шекарадан заңсыз өтушілер көп пе? Жалпы қару қолдануға тура келген жағдайлар болды ма?

-Мақаншы шекара жасағына қарасты бірнеше комендатура мен шекара заставасы бар. Оның ішінде екі атаулы шекара бекеті бар олар - Ф.Озмитель және Г.Мезенцев атында. Өткен жылы мемлекеттік шекара режімін бұзуға қатысты 2 оқиға тіркелген, ал шекаралық аймақ режімін бұзушылар саны 2016 жылы - 52, өткен жылы 102 болды. Шетел азаматтарының көші-қон заң талаптарын бұзу фактілері 2016 жылы - 30, өткен жылы - 21 оқиға анықталды. Жалпы, 2017 жылы 136 әкімшілік-құқық бұзушылық іс қозғалды. Мемлекетке 1,5 миллион теңге айыппұл өндірілді. Биыл шекара аймақ режимін бұзуға қатысты 13 факті анықталды.

Шекара бұзу кезінде бізге қолғанат болатын қызметтік иісшіл иттерсіз шекараны бұзушыны іздестіру, ұстау мүмкін емес. Көбінесе «неміс тұқымдас» иттерге жүгінеміз.

Қару қолданатындай жағдайлар болған жоқ. «Бақты» шекара бақылау бөлімінде контрабандаға қатысты 2016 жылы 17, өткен жылы 7 және бүгінге дейін - 5 дерек тіркелді. Жалпы, бүгінгі таңда қылмыстың саны азайды. Көрші мемлекетпен достық қарым-қатынасымыз жақсы.

-Қатарларыңызда қыздар бар ма? 

-Келісімшарт қызметкері Юлия Мұсалиева, сержант Толғанай Жақиянова, кіші сержант Гүлімжан Сəдуақасова жəне тағы да басқа қыз-келіншектер қатарымызда еңбек етуде. ҚР ҰҚК шекара қызметі қыздардың келісімшарт қызметімен жұмыс жасауына қарсы емес. Табандылық пен төзімділік, қайсарлық пен қайраттылық жайлы сөз қозғаған кезде, нысанаға бірінші ерлер ілігетіні рас. Дегенмен осындай ерекшеліктер әйелдер қауымының бойынан табылмайды деп айтуға болмайды. Жасыратыны жоқ, әйелдер нәзік жандар, бірақ осы нәзіктіктерін сыныққа сылтау етпей ерлермен бірге жүріп, шекара қызметінің тізгінін ұстап, қайсарлықпен шыдамдылықтың шынайы белгісін паш етіп жүр. Өздеріне жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындап, әскери қызметінің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеріп келеді. Бұның себебі өз қызметіне деген сүйіспеншілігі.

null- Мемлекеттік шекара күзетінде ерен еңбегімен ерекшеленіп жүрген əскерилер жөнінде айтып берсеңіз?

-Негізі барлық шекарашылардың мемлекеттік шекараны күзетіндегі еңбектері зор. Бірақ соның ішінде Жарбұлақ комендатурасына қарасты «Шағантоғай» шекара заставасының бастығы, капитан Дәурен Құлбеков, «Озмитель» шекара заставасының бастығы, аға лейтенант Мақсат Жамақовтар туралы айтқым келеді. Олар - қызметтерін қалтқысыз орындап жүр. Дәурен мен Мақсат мемлекеттік шекараны қорғауда жоғары кәсіби қасиеттері мен тұрақты басқару дағдыларына ие.

-Подполковник мырза, алдағы келе жатқан мерекелерге орай әріптестеріңізге, ардагерлерге, олардың отбасы мүшелеріне қандай тілек айтар едіңіз?

- Бұрынғы шекарашы деген болмайды. Шекара қызметі қатарында мерзімін өтеген бұрынғы сарбаздарға да, мемлекеттік шекараны күзетіп жүрген бүгінгі шекарашыларға да зор табыс, баянды бақыт, мықты денсаулық және олардың отбасы мүшелеріне амандық-саулық тілегім келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар