Ұлттық қауіпсіздік комитеті Каспийде қызметті жүзеге асыру тәртібін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Каспий теңізінде қызметті жүзеге асырудың тәртіптерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 11-VII ҚРЗ Заңы күшіне енді.

Заң ұлттық заңнамаға халықаралық шарттың нормаларын имплементациялайды және Қазақстан Республикасының Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) күшіне енуіне әзірлігін қамтамасыз етеді.

Конвенцияда жағалаудағы мемлекеттердің ені 15 теңіз миліне дейінгі аумақтық суларды және ені 10 теңіз миліне дейінгі балық аулау аймағын белгілеу, сондай-ақ шектес және қарама-қарсы жатқан мемлекеттермен уағдаластық бойынша өз түбі мен жер қойнауы секторын ажырату құқығы көзделген.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның 16-бабына сәйкес қазақстандық кәсіпшілік кемелерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтуге рұқсат алу талаптары сақталған жағдайда тәуліктің кез келген уақытында ішкі және аумақтық суларға шығу құқығы берілді.

Заңның 48-бабының 6-тармағына сәйкес аумақтық суда (теңізде) және шағын көлемді кемелердегі ішкі су шаруашылық қызметті жүзеге асыратын қазақстандықтарға режимдік шектеулерсіз екі мильге дейінгі қашықтыққа теңізге еркін шығуға рұқсат етіледі. Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (ҰҚК, ІІМ) тиісті ұсынымы қажет.

ҰҚК жеке және заңды тұлғалар демалу, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелердің (құралдардың) режимдік шектеулердің қолданылуы, белгіленген акваторияда жүзуі және (немесе) пайдаланылуы тоқтатыла тұратын Каспий теңізі жағалауы учаскелерінің тізбесін жыл сайын белгілейді.


Соңғы жаңалықтар