Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы құрылады
2022 жылғы 24 қаңтар 22:24

Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы құрылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі жұмыс тобы апта соңына дейін құрылады, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Ұлттық палата бұған дейін қызметін реформалауға дайын екенін хабарлаған болатын.

Өткен аптада еліміздің түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер «Атамекенді» трансформациялауға қатысты ұсынысын жолдады. Ал сенбіде басқарма мүшелері өңірлік бизнес пен салалық қауымдастық өкілдерін тыңдады. Енді жұмыс тобы барлық ұсынысты қарастырады. Кейін олар Палатаның кезектен тыс Съезіне шығарылады.

Талқылау барысында қатысушылар жұмыс тобына 17 өңірлік кеңестен 2 үміткер және 198 қауымдастықтың мүддесіне өкілдік ететін салалық комитеттерден 2 үміткер кіруі тиіс деп шешті.

Осы аптаның соңына дейін өңірлік кеңестер мен комитеттер өз алаңында отырыс өткізіп, аталған кандидаттарды анықтап, алда келе жатқан Съезд күн тәртібіне ұсыныс беруі керек. Жұмыс тобының құрамы ҰКП сайтында жарияланады.

Осылайша, дүйсенбі, 31 қаңтарда жұмыс тобы бизнестен түскен барлық ұсынысты талқылауға кіріседі. Отырыстарды ашық, әлеуметтік желілерде тікелей трансляция арқылы және жұртшылықты үнемі хабардар етіп өткізу жоспарланып отыр.

Бір ай ішінде жұмыс тобының мүшелері екі бағыт: Ұлттық палатаны реформалау және бизнес-қоғамдастықтың проблемалары бойынша талқылау жүргізуі тиіс. Трансформациялау бойынша ұсыныстар ҰКП-да аккредиттелмеген, бірақ оның қызметін жақсартуға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер мен бизнес-бірлестіктерден де қабылданады. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша кезектен тыс Съездің күн тәртібі құрылады.

Бүгін «Атамекен» жоғары басқару органын – Съезді шақыру рәсімін бастады. Съезд 17-18 наурызда өтеді деп күтілуде.


Jańalyqtar

MURAǴAT