Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы заң қабылданды- Парламент

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Аталған құжат Мемлекет басшысының былтырғы жылғы Жолдауында жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Онда Елбасы халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, кәсіпкерлерді палаталарға топтастыруды тапсырып, оның экономика тиімділігінің маңызды факторы болатынын, осылай істелген жерде «мықты бизнес -мықты мемлекет» қағидасы жүзеге асатынын атап өткен болатын. Бұл ретте құжаттың мақсаты Қазақстанда кәсіпкерлік сектордың өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негізді қалыптастыру болып табылады. Осы бағытта заң арқылы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрумен, оның қызметімен, палатаның мемлекеттік органдармен, басқа да құқықтық қатынастар субъектілерімен өзара байланыс тәртібі реттеледі.

Қабылданған заңның арқасында кәсіпкерлік субъектілерін шоғырландыру, мемлекеттік экономикалық саясатты әзірлеу және іске асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдарымен өзара тиімді іс-қимылын ұйымдастыру арқылы бизнес мүддесінің ескерілуі қамтамасыз етілмек.

Заңның тұжырымдамасына сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының континентальдық (еуропалық) үлгісі қалыптасады. Бұл кәсіпкерлердің жалпыға бірдей мүшелігіне негізделмек. Ал мұндай континентальдық үлгі Франция мен Германияда дүниеге келген. Қазір көптеген еуропалық елдерде осы үлгі табысты іске асып келеді.

Құжатқа сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы өңірлік кәсіпкерлік палаталарын әрбір облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада құра алатын болады. Бұл ретте облыстың, маңызы бар қалалардың, Астананың аумағында бір ғана Өңірлік кәсіпкерлер палатасы құрылып, жұмыс істейтін болады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі отырыста Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар