Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» акциясын іске қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» қайырымдылық акциясын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы қоғамның түрлі саласында қызу талқыланып жатыр, еліміздің барлық аймақтарында көптеген акциялар өткізіліп жатыр. Соның ішінде Елбасы туған жерге тағзым, кәсіпкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы айтқан еді. Мұнда асығыстыққа жол бергіміз келмеді, сол себепті барлығын мұқият зерттеп, әлемдік тәжірибелерге шолу жасадық.  Осылайша, ұзақ дайындық жұмыстарынан кейін «Атамекенім» қайырымдылық акциясын бастап отырмыз», - деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының айтуынша, жылдар бойы Қазақстанның көптеген кәсіпкерлері қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Бірақ, олар жарнаманы ұнатпайтын көрінеді.

«Өкінішке орай, кәсіпкерлер өздері атқараған игі істерді өз парызым деп есептейді және қалың жұртшылыққа көрсете бермейді. Мұның барлығын бір жүйеге келтіру керек. Қазіргі уақытта Қайырымдылық туралы заң бар. Біз әзірге барлық мәселелерді зерделеп, әлемдік тәжірибеге шолу жасап, қандай өзгерістер енгізу қажеттігін анықтаймыз. Мәселен, Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, қайырымдылық жасаған кәсіпкер өзі салып берген балабақшаға, өзі жөндеу жүргізген көшеге немесе өзі қаржылай қолдау көрсеткен ЖОО корпусына өз есімін бере алады. Яғни, барлығы заңмен реттелуі тиіс», - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, басқарма төрағасы қайырымдылық жасаған кәсіпкерлерге жеңілдіктердің бар екенін еске салды.

«Бүкіл әлемде қайырымдылық заңмен реттеліп отырады және мемлекет экономикалық тұрғыда ынталандыру үшін белгілі бір жеңілдіктер береді. Қазақстанның Салық кодексінде өте қолайлы нормалар бар. Өкінішке орай, ол жеңілдіктерден кәсіпкерлердің басым бөлігі хабарсыз. Мемлекеттік кірістер департаментінің деректеріне сәйкес, 2015 жылы 2 мыңға жуық кәсіпкер шамамен 46 млрд теңгеге дейін жеңілдіктерді пайдаланған, яғни қосымша табыс салығын төлеуден босатылған», - дейді ҰКП төрағасы.

Акция аясында «Атамекен» ҚР ҰКП ресми интернет-ресурсында «Қайырымдылық» айдары ашылады және осы айдарда әлеуметтік мәселелер тізілімі жарияланады. Қандай да бір көмекке немесе қолдауға мұқтаж азаматтар онлайн-режимде осы тізімде өтінім қалдыруға мүмкіндігі бар. Кәсіпкерлер өтінім-тілектермен таныса алады. Сондай-ақ, Фейсбук пен Инстаграм әлеуметтік желілерінде жалпыға ортақ топтар ашып, әлеуметтік жауапкершілік танытатын азаматтар мен көмек көрсетуге дайын кәсіпкерлердің басын қосу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар