Ұлттық кардиохирургия орталығына 110 жылдық тарихы бар рояль тарту етілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елге өнерімен танымал Сырлыбаевтар отбасы елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына 1908 жылы Германияда жасалған рояльді сыйға тартты. Осылайша, орталыққа келген науқастарды бұдан былай дәрігерлермен бірге ескіден қалған ерекше аспап та емдейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында ХХ ғасырдың басында жасалып, ғажайыптың күшімен осы күнге жеткен өнердің өзгеше қазынасы тұр. Енді бүгін «ғасырлық рояльге адамға қарағандай қамқормыз», дейді орталық қызметкерлері. Музыкалық аспаптың Еуропадан Қазақстанға жетуінің де тарихы қызық екен.

Рояль шамамен 1907-1908 жылдары Германияның Брауншвейг қаласындағы қымбат фортепианоларымен әйгілі болған Еуропаның ең үздік фирмаларының бірі - «Grotrian-Steinweg» компаниясында жасалған. Оның құндылығы - ғасырлық тарихында емес, күні бүгінге дейін сазды әуенін сақтап келгенінде болып отыр.null

«Орталықтағы қызметкерлеріміз анықтағандай, аспап екінші дүниежүзілік соғыс кезінде елімізге Ленинградтан жеткізілген екен. Ленинград қоршалған уақытта рояльдың иесі Вера Лазарева деген кісі болыпты. Қиын-қыстау жылдары үйіндегі барлық жиһазы мен заттарын өртеп жібергенімен рояльді сақтап қалған. Вера Лазареваның балалық шағы Қазақстанда өтіп, Семей қыздар гимназиясын бітіргеннен кейін әйгілі Вена консерваториясына түсіп, ары қарай Еуропаны шарлап, одан соң Ресейде фортепиано ұстазы болып еңбек етеді. Қазақстанға оралғаннан кейін ол Алматы қаласындағы тұңғыш балалар музыкалық мектебінің (қазіргі уақытта Әміре Қашаубаев атындағы №1 балалар музыкалық мектебі) директоры болған. Өмірден өтер алдында Вера Лазарева өзінің ең жақын тартқан шәкірттерінің біріне рояльді мұра етіп қалдырып кетеді. Ол шәкірті өзінің қызы - Алматы консерваториясының түлегі, танымал музыкант әрі профессор Серік Сырлыбаевтың зайыбы - пианиношы Айгүл Қадыроваға қалдырған", делінген хабарламада.

Сырлыбаевтар отбасы ойлана келе, 110 жылдық тарихы бар рояльді еліміздің үздік кардихирургы Юрий Пя басқарып отырған Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына сыйлады.

Осы тұста айта кетерлігі, ескі рояльдің иесі Вера Лазареваның әкесі де дәрігер болған екен. Вераға аспапты сатып берген де әкесі.null

«Мінекей, бүгін музыкант әрі фортепиано шебері Мұрат Күбековтің кәсібилігінің арқасында рояль қайта жаңғырды. Осыған дейін 40 жыл бойы кісі қолы тимеген аспапқа шебер реставрация жасады. Енді бай тарихы бар бірегей аспап келушілердің ықыласына ие болып, музыканың күшімен олар өздерін жақсы сезінер деп отырмыз. Алдағы уақытта кәсіби музыканттардың бірін шақырып, орталықта бір-екі сағат ойнатуды да көздеудеміз. Музыкамен емдеу үрдісінің пайдасы медицинада бұрыннан-ақ мойындалып қойған», - дейді орталық қызметкерлері.

Соңғы жаңалықтар