Ұлттық хирургия орталығының мамандары Сыр өңіріне аттанбақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары озық тәжірибелерімен бөлісу үшін Қызылорда облысына аттанбақ.

Бұл туралы орталықтың баспасөз хатшысы Күлбаршын Шахметова айтты.

Микрохирург, жалпы хирург, кардиолог, кардиохирург (трансплантолог), анестезиолог-реаниматолог, кардиоанестезиолог, ангиохирург, УДЗ маманы, гепатобилиарлық хирург (трансплантолог), торакалды хирург, бүйрек алмастыру бөлімінің дәрігері, интервенциялық кардиолог, аритмолог сияқты 14 маманнан тұратын команда Қызылорда облысының науқастарын 5 күн бойы тегін қарайтын болады.

Шара ҚР Үкіметінің 2011-2015 жылдарға бағытталған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілмек.

Үкіметтің қаулысына сәйкес А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына медицинадағы озық жаңалықтарымен бөлісуге Қазақстанның оңтүстік аймағы бөлінген.

«Екі жыл бойы орталық қызметкерлері ОҚО, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарындағы медициналық мекемелерге барып, тәжірибелерін ортаға салады. Мамандар тек хирургиялық саладағы жаңалықтарымен, инновациялық технологияларымен ғана бөлісіп қоймай, жергілікті дәрігерлерді оқытуда. Бір тоқсанда бір рет, қажет болған жағдайда жедел түрде орталықтың мультидисциплинарлық командасы жергілікті ауруханаларға сапарлап қайтады», - деді Орталықтың баспасөз хатшысы, дипломнан кейінгі білім беру бөлімінің меңгерушісі Күлбаршын Шахметова.

Жоғары білікті мамандар 4-5 күн бойы аймақтарда жүрек-қан тамырлары, іш құрылысы дерттеріне шалдыққан науқастарды тегін қарап, хирургиялық көмек көрсетеді.

«Мұндай сапарлар аурулардан болатын өлім-жітімді азайтумен қатар жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыруда да үлкен рөл атқарары сөзсіз. Былтыр 38 маман орталықта оқытылса, биыл жыл басынан бері аймақтардан келген 34 маман арнайы дайындықтан өтті», - деді К.Шахметова.

Соңғы жаңалықтар