Ұлттық геологиялық қызмет құрылады -Жолдау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Инвесторлардың сапалы геологиялық ақпарттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық геологиялық қызмет құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында осылай мәлім етті.

«Өнеркәсіптік саясат туралы дайындалып жатқан заң қайта өңдеу саласының алдында тұрған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Оның бірі – шикізатқа қолжетімділік мәселесі. Қарапайым ғана ереже қабылдау керек болып тұр. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, көлемі жеткілікті болуы қажет. Жыл аяғына дейін Үкімет осы маңызды міндеттің оңтайлы шешімін табуы керек», - деген Мемлекет басшысы бұл істе еліміздің геологиялық әлеуеті толықтай ашылмай жатқанын ескертті.

«Геологиялық зерттелу деңгейі төмен болып қалуда. Инвесторлардың сапалы геологиялық ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Оның ішінде түрлі бағынысты ұйымдардың базасында тиімді ұлттық геологиялық қызмет құрылуы тиіс. Бұл ұйым жер қойнауына кімді және қалай жіберу керектігін шешетін монополист болмауы керек. Оның рөлі инвесторларды кешенді сервистік қолдауға бағытталғаны жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент артық ақша массасын реттеу жолдарын атады.

«Жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасты. Бірақ осы қаржы жетпей жатқан салалар бар. Екінші деңгейлі банктер шағын шараларға, әсіресе, ауылдарда ақша салмайды. Сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауы тиіс», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар