Ұлттық фильмдердің мемлекеттік қоры құрылады - М. Құл-Мұхаммед

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Елімізде ұлттық фильмдердің мемлекеттік қоры құрылады.  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мәдениет туралы» заңға енгізілетін өзгерістерді  талқылау барысында Мәдениет және ақпарат министрі  Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  «Заң жобасында тұңғыш рет фильмдердің мемлекеттік қорын құру жөніндегі шаралар да қарастырылып отыр. Бір кездері КСРО-да «Мемлекеттік фильмдер қоры» деген қор болғандықтан Қазақстанда ондай қор құру мүмкіндігі қарастырылмаған еді. Ал мына заңда ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде киношежіренің және ұлттық фильмдердің бастапқы материалдарын сақтауды көздейтін нормалар енгізіледі және фильмдердің мемлекеттік қорын құру қамтамасыз етіледі», деді М. Құл-Мұхаммед.

Министрдің айтуынша, осыдан бұрынғы заңнамада мәдениет саласындағы мемлекеттік мекемелер мен мұражай-қорықтар, кітапханалар өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын қызметтерді жүзеге асыруға да құқылы болатын. Соның арқасында 2007 жылы ақылы қызметтерден түскен қаржы көлемі 43 млн. теңгені құраған. Бірақ, 2008 жылдан бастап қызмет пен тауарлардан түскен табысты пайдалану құқығының алып тасталуына байланысты бұл мәселеде қызмет сапасының төмендегені байқалған. Осы жағдайға айрықша тоқталған министр, жаңа бюджеттік кодекс жобасына тиісті нормалар қарастырылғанын атап өтті.

«Заң жобасымен жұмыстағы ең үлкен жетістік деп мәдениет саласының  ең төменгі нормативі мен үлгі штаттарын белгілеуді атасақ болады. Бүгінгі таңда мәдениет саласындағы облыстық және аудандық деңгейдегі мәдениет ұйымдарының штат санын реттеуде құқықтық база болмай отырған еді. Бұл олқылық та толығып отыр», деді М. Құл-Мұхаммед.

Соңғы жаңалықтар