Ұлттық экономика министрі Ақтөбедегі бірнеше өндіріс орнын аралады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Ол ауыл тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданындағы Тәуелсіздік даңғылын қайта жөндеу жұмысымен танысты. Жол жөндеу жұмыстары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік даңғылын сегіз жолаққа дейін, ал Мұстафа Шоқай көшесін алты жолаққа дейін кеңейту жоспарланған. Екі учаскенің жалпы ұзындығы шамамен 2,5 км құрайды. Жобаның құны - 1,9 млрд теңге.


«Бас мердігер құрылыс материалдарының қамбаттауына байланысты жобаны түзету қажет екенін айтты. Құрылысты аяқтау үшін шамамен тағы 800 млн теңге қажет. Бұл қаражатты облыстық бюджет есебінен бөлу жоспарланып отыр. Орталық көшелерді кеңейту қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Барлық жөндеу жұмысын 2023 жылдың күзіне дейін аяқтау жоспарланған», - деді облыс әкімі О.Оразалин.
Кейін министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша салынған жаңа «AQQANAT» балалар онкогематологиялық орталығында болды. Заманауи клиникада дерті ауыр балаларға көмек көрсетіледі. Мұндағы жоғары технологиялы медициналық жабдықтар ауруды бастапқы сатысында анықтауға және қажетті емдеуді тағайындауға мүмкіндік береді. Орталықта 100 орындық стационар мен бір ауысымда 50 балаға дейін қабылдай алатын кеңес беру-диагностикалық бөлімше бар. Жобаның құны - 5,2 млрд теңге. Бір қиыны қаржыландыру әдістемесі олардың үздіксіз жұмыс істеуіне, инвесторларды қолдауға кепілдік бере алмайды. Ұлттық экономика министрі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалардың маңызына тоқталып, кедергілер мұқият зерттелетініне сендірді.


Айта кетейік, бүгінде Ақтөбе облысында жалпы сомасы 25 млрд теңгені құрайтын 14 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша шарттар жасалды. Денсаулық сақтау саласында 7, мәдениет және спорт саласында 4 жоба, білім беру саласында 2, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 1 жоба бар.
Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында министр керамогранит шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытында болды. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау алған кәсіпорын өз өнімін ішкі нарыққа жеткізіп, шетелге экспорттайды. Өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Жобаға 9,2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорында жылына 2 млн шаршы метрге дейін өнім шығарылады. 150-ге жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта кәсіпорын орналасқан «Ақтөбе» индустриялық аймағына қосымша электр қуаты қажет. Әлібек Қуантыров бұл сұрақты Энергетика министрілігімен бірлесіп талқылайтынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның даму банкіқаражаты есебінен болат балқыту зауытын салу мәселесі көтерілді. Жақын арада бұл жоба сараптамадан өтуі тиіс. Сонымен қатар, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 376 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталған кезеңде жұмыс істеп тұрған шағын және орта субъектілерінің саны 72 мыңға дейін жетті. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру үшін 5,1 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында биыл 41 іс-шараны іске асыру көзделген. Жоспар бекітілген сәттен бастап халықтың осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы, «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта құру, жергілікті маңызы бар жолдарды күрделі және орташа жөндеу, 15 ауылдық елді мекенді газдандыру және 11 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау бойынша жұмыстар басталды.



Соңғы жаңалықтар