Ұлттық экономика көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жетті – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында жергілікті әкімдіктерге экономиканың барлық секторында өсім қарқынын ұлғайтуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық экономика көрсеткіштері орнықты қалпына келтіру динамикасын көрсетуді жалғастырып отыр және пандемия басталар алдындағы деңгейіне жетті. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 3 пайызға дейін жылдамдады. Өңдеуші өнеркәсіпте өсу қарқыны 5,8 пайызға, сауда саласы 9,1 пайызға, байланыста 12,8 пайыз және құрылыста 11,4 пайызға күшеюде. 8 айда елімізде 8,9 млн шаршы метр үй пайдалануға берілді», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға артық.

«Қызметтер көрсету секторындағы өсу қарқыны қалпына келіп, 2,3 пайызға жетті. Негізгі капиталға инвестициялар көрсеткішінің сенімді қалыпқа келе бастағанын атап өту керек, олар тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 18 пайызға ұлғайды», - деген Премьер-Министр әр өңірдің 8 айда қол жеткізген макроэкономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

Айтуынша, қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша барлық негізгі 7 макрокөрсеткіш бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында өсу байқалып отыр.

«Негізгі 6 көрсеткіш бойынша сегіз өңірде өсім байқалады. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша оң серпін үш өңірде. Бұл - Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында. Өңір әкімдіктері экономиканың барлық секторларында өсім қарқынын ұлғайтқаны жөн», - деді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар