Ұлттық домбыра күні: Елордадағы мерекелік концертке 1300-ден аса адам қатыспақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазақ  елі алаңында өтетін Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концертке қатысуға 1300-ден аса адам ниет білдірді. Бұл туралы бүгін Астана қалалық мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Еліміздің  мыңдаған музыкант домбырашысының қатысуымен өтетін «Домбыра асыл мұра үні» атты концерт Ұлттық домбыра күні мерекесінің көркін келтірмек. Көрермендер танымал қоғам қайраткерлері Секен Тұрысбеков, Бекболат Тілеухан, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева, Асылбек Еңсепов, Арт домбыра триосы, Музарт тобының өнерін тамашалайды», - деді ол.

Сонымен қатар оның айтуынша, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрі, Отырар сазы ұлттық аспаптардың фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясының Ұлттық аспаптар оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі және Ақтау қаласының қазақ ұлттық аспаптар оркестрі сахна төріне шығады.

«Ниет білдіргендердің барлығы сахнаға шығып, домбыра тарту өнерін көрсете алады. Ол  үшін asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркеліп, «Көңілашар», «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ерке сылқым» күйлерін жатқа білу қажет. Қазіргі кезде Астанада Ұлттық домбыра күнін мерекелеуге арналған концертке қатысу үшін 1300-ден аса адам тіркелді. Домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп тұратын мұндай ауқымды шара елордада бұрын-соңды болмағанын атап өткеніміз жөн», - деді Болат Мажағұлов.  

null

 

Соңғы жаңалықтар