Ұлттық бюро тағы бір басшыға ескерту жасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бір басшының кезінде жемқорлықтың жиі болатынын анықтады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолланың айтуынша, бүгінде Алматы облысында көліктік бақылау инспекторлары параны жиі алады. Мәселен, былтыр 9 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Оған дейін инспекцияның тағы үш қызметкері - Асылбаев, Ертаев және Баймолдаев ұсталған болатын. «Ал 2016 жылы Сүлейменқұлов пен Жұмағұлов қолға түсті. Ұлттық бюро бірнеше рет ескерту жасады. Сол кезде аталған құрылымның басшысы Баймолдинов жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Алайда біршама уақыттан кейін аталған азамат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқа аумақтық құрылымына басшы болып барды. Оны өнеркәсіптік қауіпсіздік және индустриалды даму комитетінің департамент жетекшісі қызметіне тағайындады. Әлі күнге дейін сол жерде істеп жүр. Министрліктің ондай ұстанымы түсініксіз», - деді Ш.Қабдолла Астанада өткен жиында.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы екі жылдың ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі бойынша 100-ден астам жемқорлық оқиғасы тіркелді. Аталған фактілерге қатысы бар 59 қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 40-тан астам адам сотталды. Олардың ішінде республикалық дәрежесі бар 4 басшы және облыс деңгейіндегі 30 басшы бар. «Ал министрлікке қарасты құрылымдарды бөлек-бөлек қарастыратын болсақ, жемқорлық әрекеттерінің басым бөлігі - 70 проценті көліктік бақылау комитетіне, геология мен жер қойнауын пайдалану комиетіне, сондай-ақ, кәсіби құтқару қызметі мен «Қазавтожол» сияқты мекемелерге тиесілі. Аталған құрылымдардың қызметкерлері көп жағдайда келісімшартқа қол қойғаны үшін пара алып отырады. Бұдан бөлек, әкімшілік шараларды қолданбағаны үшін ақша алады. Мемлекеттік сатып алу саласында да жемқорлық фактілері көп. Бірінші басшылар қылмыстық схемаларды да жасайды. Оған облыстық филиалдар мен құрылымдық ұйымдардың қызметкерлері атсалысып отырады», - деп атап көрсетті Ш.Қабдолла.

Соңғы жаңалықтар