Ұлттық бюро баға статистикасын түбіртек арқылы жүргізбек
2022 жылғы 15 тамыз 14:14

Ұлттық бюро баға статистикасын түбіртек арқылы жүргізбек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық бюро баға статистикасының растығын E-price жүйесі арқылы тексеруге көшеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында бюроның баспасөз қызметі осындай мәлімет берді.

«Ақпарат көзінің тағы бір түрі – E-price жүйесі. Ұлттық статистика бюросы ай сайын тұтыну бағаларының индексі бойынша сауда орындарында әр түрлі тауарлардың бағасына мониторинг жүргізеді. Ол дәстүрлі жолмен жүргізіледі. Біздің қызметкер әр дүкен, супермаркетке барып, бағалардың өзгерісін бақылайды. Ал, E-price жүйесі сол сауда орындарындағы тауарлардың бағасын фискалды чек арқылы бақылап отырады. Осы аталған жүйе негізінде өзіміздің тіркеген бағаларымыздың дәйектілігін тексереміз», - дейді бюро мамандары.

Сондай-ақ, ведомство сауда орындарының иелеріне нарық туралы тегін сараптама ұсынуды жоспарлап отыр.

«Электронды түрде тапсырылатын есептің үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Ынталандыру құралы ретінде есепті сайт арқылы тапсыратындарға аналитикалық ақпарат ұсынуды жоспарлап қойдық. Мысалы, саудамен айналысатын мекеме есебін онлайн тапсырды делік. Есеп кезеңі аяқталғанда, біз оған сол сауда нарығы бойынша толық сараптама ұсына аламыз. Сол аймақта тағы қанша ұқсас мекеме бар, саудадағы үлесі, олардағы сатылым көлемі, яғни дайын маркетингтік зерттеу. Бұл олардың жұмыс тиімділігін көруге мүмкіндік беретін құрал болады», - делінген Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметте.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанның статистика жүйесіне 3 жылдық шолу жасайды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT