Ұлттық біліктілік жүйесі керек маманды табуға көмектеседі – Тамара Дүйсенова

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық біліктілік жүйесі арқылы білікті мамандар алуға болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтк қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі еңбек нарығы елеулі сын-тегеуріннің алдында тұр. Жұмыс орындарын құру қарқыны төмендеуде. Ал құрылған орындардың 46 пайызы – мемлекеттің тікелей қолдауымен өнімділігі төмен секторларда. Бұл жағдайда формалды сектор жұмыскерлерінің жартысына жуығы төмен жалақы алады. Сондай-ақ, еңбек нарығына жыл сайын 300-400 мыңға жуық жастардың қосылуы және қазіргі өңірлер арасындағы теңгерімсіздіктермен қатар демографиялық қысымды да ескеру қажет. Сонымен бірге ЭЫДҰ халықаралық сарапшылары Қазақстандағы ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға қатысуының төмендігін, яғни ол тек 17 пайызды құрағанын атап өтті. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 47 пайызға жетеді. Нәтижесінде бұл жұмыссыздық пен кедейліктің ұлғаюы, кадрлардың ұдайы кетуіне және адами капитал әлеуетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақсыздыққа апарып соғады», - деді Тамара Дүйсенова Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсе басқарушы комитетінің көшпелі отырысында.

Еңбек министрі адами капиталды дамытуға байланысты проблемаларды шешу еңбек нарығы мен кадрлар даярлау жүйесінің өзара байланысын күшейтуге бағытталған ұлттық біліктілік жүйесі болатынын атап өтті.

«Мемлекеттің рөлі – форсайт және болжам сияқты құралдар арқылы кадрларға деген қажеттілікті анықтау. Жұмыс берушілер салалық біліктілік аясын және кәсіптік стандарттарды әзірлеу арқылы мамандарға қандай біліктілік деңгейін, қандай білім, дағды мен біліктілік қажет екенін белгілеуі керек. Белгіленген талаптар мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, азаматтар кейіннен оқыту үшін мамандық таңдайды. Еңбек нарығына шыққан кезде маманға тәуелсіз бағалаудан өтуге және сол арқылы одан әрі жұмысқа орналасу үшін өз біліктілігін растауға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде біз ұлттық біліктілік жүйесін пайдалана отырып білікті мамандар аламыз», – деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар