Ұлттық біліктілік тесті: Мұғалімдер металл іздегішпен тексерілмейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың Ұлттық біліктілік тестін тапсыру процесіне енгізілген өзгерістерді баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық біліктілік тестін тапсыру қиын, оның қажеті жоқ» деген пікірді жиі естимін. Бүгінге дейін сынақ тапсырған әріптестеріміздің 67 пайызы тестілеуден өтіп, санаттарын көтерді. Бұл санаттар үшін еңбекақыны 30-50 пайызға дейін көтеруге болады. Оған дейін жоғары санат, бірінші санат үшін мұғалімдерге 17 мың теңгеден аспайтын үстемеақы төленетін. Яғни, жаңа жүйедегі үстемеақы айтарлықтай көп», - деп атап өтті министр бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ведомство басшысы Ұлттық біліктілік тестінде өзекті мәселелердің бар екенін де жасырмады.

«Қазіргі уақытта педагог кезекті санатты қорғау үшін мектеп директорына өтініш жазуы тиіс. Мектеп директоры – білім басқармасына, басқарма – министрлікке жүгінетін күрделі бюрократиялық жүйе пайда болды. Осыған байланысты, келесі жылы жаңа жүйеге көшеміз. Онда педагог Электрондық үкімет арқылы тестілеуге тікелей өтінім бере алады. Жеке кабинетінде тест тапсыруға қай күн ыңғайлы екенін көрсете алады», - деді А. Аймағамбетов.

Одан бөлек, министрдің айтуынша, Ұлттық біліктілік тестіне келетін мұғалімдер егжей-тегжейлі тексерілмейді.

«Тестілеуге қатысатын мұғалімдерді тексеру жөнінде біраз сын айтылды. Әрине, бұл процесс жүйкеге тиеді. Сондықтан, әріптестерімізге сенім артуды ұйғардық. Биылғы қараша айынан бастап, тестілеуге келген педагогтар тексерілмейді. Яғни, ешқандай металл іздегіш болмайды. Мұғалімдер емін-еркін өз орнына жайғасады. Бірақ, қандай да бір педагог тыйым салынған құралмен, ұялы телефонмен көзге түссе, оның қолдану-қолданбауына қарамастан, тест нәтижесі жойылады», - деп ескертті Білім және ғылым министрі.

Соңғы жаңалықтар