Ұлттық баскетбол федерациясына жаңа басшы тағайындалды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі С. Жарасбаев, ҚР ҰОК, өңірлік федерациялардың өкілдері және ұйымның Атқарушы комитетінің мүшелері қатысты.

Конференция барысында барлық қатысушылардың бірауыздан қолдаған шешімімен ҚР ҰФБ жаңа басшысы болып Абай Абдисаметұлы Алпамысов тағайындалды.

Бұрын, 2013 жылдан 2017 жылға дейін ол осы федерацияның президенті қызметін атқарды.

Өз сөзінде ұйым басшысы көрсетілген сенім үшін алғысын білдірді.

«Қыркүйек айының соңына қарай кешенді бағдарлама әзірлейміз, онда өңірлік, 3х3 командалардың, құрама проблемаларын шешу жолдары, клубтарды қолдау қамтылады. Бұл жолда жалғыз жетістікке жету мүмкін емес, сондықтан сіздердің қолдауларыңызға сенемін», - деді А. Алпамысов.

Абай Алпамысов М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Есептеу математикасы және кибернетика» факультетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласында жұмыс тәжірибесі бар. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры, Есеп комитеті аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Елдегі ірі ұлттық компанияларда басқарма мүшесі болды. Екінші деңгейлі банктерде басшылық қызметтер атқарды. Ең үздік экономикалық зерттеулері үшін Дүниежүзілік банк сыйлығымен марапатталған.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап осы жылдың қаңтарына дейін Ұлттық баскетбол федерациясының президенті қызметін Димаш Досанов атқарды.


Соңғы жаңалықтар