Ұлттық банктің қайта ұйымдастырылуымен құрылатын агенттіктің міндетіне не кіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Президентіне тікелей есеп беретін жеке мемлекеттік органға беру ұсынылып отыр. Осы бастаманы іске асыру мақсатында аталған заң жобасы әзірленді. Заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған. Бірінші бағыт - қаржы секторын реттеудің және дамытудың тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуін ынталандыру үшін Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтеріне шоғырлануға ниетті. Бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, ақша-кредит саясаты, валюталық реттеу және төлем жүйелерін дамыту. Ал қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылып отыр», - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, экономиканы сапалы дамыту үшін Ұлттық банк мемлекеттік-қаржылық қолдау бағдарламаларын, оның ішінде экономиканың басым салаларын несиелеу бағдарламасын, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын және басқа да бағдарламаларды екінші деңгейлі банктер арқылы іске асыруды жалғастырады. Агенттік өз тарапынан қаржы нарығындағы қаржы ресурстарын бөлу тиімділігін арттыруға, жаңа қаржы өнімдері мен қызметтерін енгізуге, олардың халық пен бизнес үшін қолжетімдігін арттыруға ықпал етеді.

ҰБ мен жаңа агенттіктің қызметі тығыз үйлеседі. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды. Жаңа агенттік Ұлттық банк сияқты ҚР Президентіне тікелей есеп беретін болады, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Агенттік Ұлттық банкті қайта ұйымдастыру арқылы құрылады. Оның барысында қызметтер, өкілеттіктер мен штат бірліктер қайта бөлінеді. ҰБ-дан агенттікке ауысуы болжанып отырған қызметкерлерінің жалпы саны шамамен 500 адам болады.

Заң жобасының екінші бағыты бұл - тұтынушылық кредиттеу нарығында реттеуші арбитраж және жүйелік проблемаларды жою.

«Халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбай өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттеу субъектілеріне қатысты тиісті реттеу мен қадағалау құралдарын енгізу талап етіледі. Қазіргі уақытта реттелмейтін субъектілердің саны шамамен 2 мыңға жетті», - деді ол.

Бүгінде тұтынушылық кредиттер портфелінің неғұрлым белсенді өсуі реттелмейтін секторда байқалады - ол онлайн-кредиторлар, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар. Сонымен қатар, реттелмейтін субъектілер тарапынан қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуы байқалады.

«Аталған проблемаларды шешу үшін қадағалау органының реттеу ауқымына кредиттеудің барлық субъектілерін енгізе отырып, оны кеңейту ұсынылады. Заң жобасында банктік емес кредиттік ұйымдарды реттеудің сараланған жүйесін енгізу көзделеді», - деді Е. Досаев.

Ұлттық Банк төрағасы заң жобасында әрбір көрсетілген субъектінің қолданыстағы бизнес-үлгісін өзгерту көзделмейтінін, тек қызметтің нақты түріне тән тәуекелдерге байланысты талаптар енгізілетінін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда қаржы нарығын реттейтін жаңа агенттік құру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар