Ұлттық банктің алтын валюта резерві 35,1 млрд долларға жетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова маусым айындағы халықаралық резервтердің және ұлттық қордың валюта активтерінің динамикасы мен инвестициялық кірісі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала деректер бойынша, алтынвалюта резервтері бір айда 1,4 млрд АҚШ долларына төмендеп, биылғы жылғы 30 маусымда шамамен 35,1 млрд АҚШ долларын құрады. АВР қысқаруының басты себебі АҚШ долларының нығаюына байланысты алтын бағасының төмендеуі болды. Маусымда металл бағасы бір унция үшін 1892 доллардан 1758 долларға дейін немесе 7%-ға төмендеді, бұл 2015 жылғы қарашадан бері бір айда алтын құнының қатты түскенін көрсетеді. Нәтижесінде алтын портфелін теріс қайта бағалау 1,4 млрд АҚШ долларын құрады»,-дейді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, резервтердегі алтынның үлесі 62% болады, сондықтан резервтерге алтынның әлемдік бағасы әсер етеді.

Алтынның бағасы құбылмалы болып қала береді, мысалы, наурызда бағалар унция үшін 1683 доллар деңгейіне жетіп, мамырдың басында 1950 долларға дейін қалпына келді.

«Бағасының күрт төмендеуінен алтын портфелінің бір бөлігін хеджирлеу үшін бұрын Ұлттық банк жасаған опциондарды орындау шеңберінде алтын қазіргі деңгейінен асатын қолайлы бағамен 1,5 млрд АҚШ долларына өткізілді. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен опциондық стратегиялар шеңберінде аллокирленбеген алтынды өткізу есебінен 1,5 млрд АҚШ долларына дейін өсті»,-дейді спикер.

Ұлттық қордың валюталық активтері шұғыл деректер бойынша бір айда 1,1 млрд АҚШ долларына төмендеп, маусымда 57,5 млрд АҚШ долларын құрады.

«Өткен айда Ұлттық қордың валюталық активтерінің төмендеуі республикалық бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттер бөлуге байланысты. Алдында атап өткенімдей, трансферт бойынша өтінімдерді орындау үшін 1,093 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылды»,-деді Ұлттық банк өкілі.

Бұл ретте маусымда қорға түскен түсім көлемі шетел валютасындағы 189 млн АҚШ долларын қоса алғанда, небәрі 97 млрд теңге болды.

Активтерді басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия шеңберінде Ұлттық банк активтердің неғұрлым кірісті сыныптарының, оның ішінде акциялардың, корпоративтік облигациялардың және дамушы нарықтағы еурооблигациялардың үлесін өсіруде.

Нәтижесінде, Ұлттық қордың 2021 жылғы бірінші жартыжылдықтағы инвестициялық кірісі оң қалыптасты және көбінесе акциялардың жаһандық нарығының өсуі есебінен 1,5 млрд АҚШ долларын немесе 2,5%-ды құрады.


Соңғы жаңалықтар