Ұлттық банк жанынан Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық банк тиісті шараларды қабылдайды. Президенттің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес, Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Жолдауда аталып өткен жүргізілетін саясаттың тиімділігі мен айқындылығын арттыру жөніндегі тапсырмалар стратегияда ескеріледі. Стратегияны бекіту елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған Стратегиялық даму жоспары қабылданғаннан кейін жоспарланып отыр», - деді ҰБ басшысы Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, ақша-кредит саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру әрі валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп, валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады.

Сонымен қатар, экспорттаушылардың оны іске асыруы үшін қолайлы жағдай жасалады.

«Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық банк жанында Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құру ескеріледі. Оның басты міндеті - базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау болады. Орта мерзімді перспективада оған тәуелсіз мүшелер кіреді. Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер 2020 жылдың соңына дейін енгізіледі», - деп түсіндірді Е. Досаев.


Соңғы жаңалықтар