Ұлттық банк: Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін интервенция жүргізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі валюта нарығындағы қазіргі жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық қорлар мен валюта нарықтарында жағдай қиындап барады. СOVID-19 коронавирусының тарауы мен ОПЕК-ке мүше елдердің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге келе алмауы әлемдік экономиканың баяулау шарттарын күшейтіп тұр. 2020 жылдың 6 наурызында мұнай бағасы барреліне 50 АҚШ долларынан 35 АҚШ долларына, яғни 30 пайызға дейін төмендеді. Дамып келе жатқан нарықтардың, оның ішінде Қазақстанның сауда серіктестерінің валюталары әлсіреп барады», - деп хабарлама таратты Ұлттық банк Facebook парақшасы арқылы.

Сыртқы жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк 2020 жылдың 10 наурызында валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін валюталық интервенция жүргізген.

«Тұңғшы рет «Қазақстан қор биржасы» АҚ валюталық саудасында франкфурт аукционы әдісі іске қосылды. Аталмыш құралды негізсіз құбылмалылықтың алдын алу үшін биржа Ұлттық банкпен бірге әзірлеген еді», - деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық банкінен.

Ұлттық банк жағдайдың тұрақсыздануына жол бермей, валюта нарығында жіті мониторинг жүргізіп отырғанын жеткізді.

«Қажеттілік туындаған жағдайда валюталық интервенциялар қалпына келтіріледі. Ашықтық саясаты аясында Ұлттық банктің барлық операциясы жариялы мәлімдемелер арқылы халыққа жеткізіледі», - деп хабарлайды Ұлттық банктен.


Соңғы жаңалықтар