Ұлттық банк валюта курсын өзгертпейді: теңге еркін айналымда қалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда валюта бағамының құбылмалылығын девальвация деп атауға бола ма? Биылғы жаз айлары мен қыркүйектің басындағы валюта нарығындағы жағдайда қазақстандықтар доллардың бұрын-соңды болмаған қымбаттауына куә болды. Сондықтан, шетелдік валютасын жұмсап қойған демалушылар да, маусымдық қымбаттаудың ақырын күтіп, доллар алмағандар да енді долларды қазіргі бағамен сатып алуға дайын. Олардың логикасы да түсінікті: сарапшылар мен талдаушылар жыл соңына дейін доллар бағамының 400 теңгеге жететінін айтуда. Девальвациялық болжам кезінде валюта сатып алушылардың рефлекторлық шешімдерінің ықтималдығы үлкен, бұл доллардың күшеюіне серпін береді. Мұндай жағдай Қазақстанның валюта нарығында бірнеше рет байқалған. Еркін айырбас бағамы механизмі қаншалықты жұмыс істейді, қаржылық реттегіш банктің арсеналында қандай шаралар бар және Ұлттық банк валюталық нарықтағы ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізе ме? Осы және өзге де сұрақтарға «Деловой Казахстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев жауап берді.

- Данияр Талғатұлы, валюта нарығындағы ахуал, теңгенің айырбас бағамының едәуір әлсіреуі бәрін алаңдатып отыр. Теңгеге қарсы қандай факторлар әсер етеді және олар қаншалықты объективті?

- Қазақстан - ашық экономика, сонымен бірге энергия ресурстарының ең ірі экспорттаушысы және жоғары технологиялық инновациялық тауарлардың үлкен тұтынушысы. Сондықтан, еліміздің әлемдік сыртқы экономикалық процестермен бірігуі жағдайында әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай немесе ірі экономикалық және саяси оқиғалар Қазақстан экономикасына ықпалын тигізеді.

Валюта нарығындағы соңғы айларда байқалған құбылмалылық (бұл объективті анықтама) экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігі деңгейінің жоғары екенін кезекті рет көрсетті. Бұған дейін бірнеше рет теңгенің әлсіреу факторларын түсіндірдік, ондағы негізгі мәселелерді атап өтейін. Федералды резерв жүйесінің негізгі ставкасының артуынан дамыған елдердің нарықтарына капитал ағылды. Ал дамушы елдердің ұлттық валюталарының АҚШ долларына қатысты айтарлықтай әлсіреуі байқалды.

Бұл процесс Қазақстанға да әсер етті: мұнда портфельдік инвестициялардың қайта кетуі көрініс берді. Резидент еместердің табысты тиянақтауы (фиксация) валюталық нарыққа тікелей әсерін тигізді, бұл теңгенің әлсіреу факторларының бірі болды. Осылайша, резидент еместердің Ұлттық Банктегі ноталарының көлемі наурыздағы максималды деңгей - 453 млрд теңгеден 12 қыркүйекте 118 млрд теңгеге дейін төмендеді. Бұл шамамен 1 миллиард долларға тең. Салыстыру үшін биыл Қазақстан қор биржасында АҚШ долларымен жүргізілген орташа айлық сауда көлемі 1,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Осылайша, қысқа мерзімді ноталардан шыққан резидент еместердің инвестицияларының көлемі анағұрлым үлкен деп бағаланып отыр.

Сонымен бірге, ресейлік рубльдің - Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің валютасының төмендеуі соңғы айларда теңгенің айырбас бағамының динамикасына айтарлықтай әсер етті. Еске сала кетсем, валюталық нарықта теңге бағамы жыл басынан 13 қыркүйекке дейін 12,9% -ке әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 375,31 теңгені көрсетті. Жыл басынан бері (12 қыркүйектегі жағдай бойынша) ресей рублі - 20%, аргентиналық песо - 106%, түрік лирасы - 67%, бразилиялық реал - 26%, оңтүстікафрикалық ранд - 21%, үнді рупийі - 13% , қытай юані - 5%-ке әлсіреген.

Қазіргі уақытта экономикамызды әлемде болып жатқан процестерден толық қорғау мүмкін емес. Бұл жабық экономикада ішінара мүмкін болар еді. Бірақ жабық экономикада әуелден басқа экономикалық заңдар бойынша даму қажет еді, бұл мүлде басқа шешімдерді талап етеді. Экономиканың жабық болуы мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты шектеуді, халықаралық төлемдерге тыйым салуды, халықаралық экономикалық қауымдастықтар мен ұйымдардан шығуды білдіреді. Жабық мемлекет болудың зардаптарын елестету қиын емес, әлемдік тәжірибеде мысал мемлекеттер бар. Ашықтық пен әлемдік үрдістерге кірігу жағдайында еркін құбылмалы айырбас бағамы -  экономиканың өзгермелі жағдайларға тиімді бейімделуіне мүмкіндік беретін жалғыз жол.

Тұтастай алғанда, біз айырбас бағамының қысқа мерзімді ауытқуларынан гөрі, экономикалық өсім көрсеткіштері мен экономиканың өсуін қамтамасыз ететін драйверлерге көбірек мән береміз. Тағы бір айтарым, Ұлттық Банктің басты міндеті - әдеттегідей елдегі баға тұрақтылығына қолдау білдіру. Инфляцияның төмен және тұрақты деңгейі - ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсудің құрамдас бөліктерінің бірі.  

- Бірақ, теңгенің әлсіреуінен кейін нарықтағы бағалар өсе бастайды. Халық алаңдаулы, әрі қарай не болады?

- Ұлттық банк қазір үкіметпен бірлесіп, инфляция деңгейін 5-7% белгіленген дәлізде ұстап тұру үшін жұмыс істеп жатыр. Жылдық инфляция тамыз айында 6% құрады. Яғни, біз көздеген деңгейде тұр. 2018 жылдың соңында инфляция сәл артады деп күтудеміз, бірақ біз белгілеген көрсеткіштен аспайды.

Сонымен бірге, біздің 2019 жылға арналған болжамымыз инфляцияны жоғарғы шекте қалыптастыруды көрсетіп отыр. Бірақ, бұл жерде мына фактіні атап өту қажет. Бұдан бұрын Ұлттық Банк мақсатты инфляциялық көрсеткіштердің біртіндеп төмендеуін жариялаған болатын және 2019 жылы мақсатты бағдарымыз 4-6% болады. Дәлірек айтқанда, биылғы дәліздің орташа көрсеткіші келесі жылғы мақсатты дәліздің жоғарғы шегі болады. Сондықтан, инфляцияның баяу төмендеуі және оның жоғарғы шегі қаупі туралы айтқанда, сөз 2018 жылғы қазіргі дәліз емес, келесі жылғы төмендетілген дәліз туралы болады. 

Тағы да атап өтемін, біздің бағамдауымызша, биыл инфляция деңгейі белгіленген 5-7% дәлізінде қалады.

- Қазақстанда алтын-валюта резервтерінің жеткілікті қоры бар. Одан бөлек, сіз әрқашан теңгенің айырбастау бағамы күрт ауытқыған жағдайда Ұлттық Банк интервенция жасауға дайын екенін әрдайым айтасыз. Неліктен бұл мүмкіндікті барынша жиі пайдаланбайсыздар? Мәселен, соңғы жағдайларда теңгенің қымбаттауын тоқтатуға болмады ма?

 - Ең алдымен, алтын-валюта қоры нарықта айырбас бағамын ұстап тұру үшін керек деп бағаланбауы тиіс. Алтын-валюта резервтері - елдің қаржылық тұрақтылығының сөзсіз кепілі. Оны қамтамасыз ету үшін резервтерді пайдалану міндетті емес. Экономикада  осындай үлкен мөлшерде (ЖІӨ-нің 52% -і) алтын қорының болуы ішкі экономикалық агенттерге де, сыртқы серіктестер мен инвесторларға да елдің төлем қабілеттілігі мен ауқаттылығына сенімділік береді. Осылайша, еліміз жинақтаған Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қоры (шамамен 31 млрд АҚШ доллары) және Ұлттық қордың активтері (57 млрд АҚШ доллары) - Қазақстан экономикасына салынған инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін дәнекер.

 - Дегенмен, теңгедегі ауытқулар кезінде наразылық туындайды. Мұндай көңіл-күйге түспеу үшін не істеу қажет? Бұл жағдайдабізге қандай кеңес бере аласыз?

- Ең бастысы және бұл туралы бірнеше рет айтқан болатынбыз, айырбас бағамы өзгергенде халықтың, тіпті кәсіпорындардың жүгіріп барып, шетелдік валюта сатып алуы қажет емес. Егер сіз белгілі бір себептермен шетел валютасын қажет етсеңіз, мысалы, балалардың оқуын төлеуге, туристік сапарларға жүйелі түрде біртіндеп жинауға болады. Алайда, ұзақмерзімді жинақ үшін валюта сатып алу ақылға қонбайды, өйткені шығынға ұшырауыңыз мүмкін. Мысалы, 12-13 қыркүйек аралығында теңге 1,5% нығайды, ал валютаны 383 теңгеден сатып алғандар белгілі бір сомасын жоғалтты. Қазіргі жағдайда теңге бағамы құбылады. Бірақ қаржы реттеушісі үшін бағалардың деңгейі маңызды. Егер Ұлттық банк пен Үкімет осы мақсатты дәліздің инфляция деңгейін төмендету бойынша тиімді жұмыс жүргізсе, онда баға көтерілмейді.

Мұнда халықтың санасы мен нарық қатысушыларын долларсыздандыру шарасы жалғасады. Мысалы, тауарлардың, оның ішінде ірі және қымбат тауарлардың баға белгілері доллардан теңгеге ауыстырылады. Біртіндеп, қоғам Қазақстанда өндірілетін ірі активтердің, жылжымайтын мүліктің және ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлардың теңгемен өлшенетінін түсінеді. Бұл, сайып келгенде доллардың маңыздылығын бірте-бірте төмендетуге және елдегі есептеу, жинақтау, өлшеу құралы ретінде теңгенің маңызын арттыруға көмектеседі.

-  Мемлекеттің банктерге қолдау көрсетуіне қатысты сын-ескертпелер жалғасуда. Ал реттеуші банк осы арнайы бағдарламаның ақталуы мен тиімділігін қалай бағалайды?

- Мемлекет банктерді қолдау бағдарламасын жүзеге асыра отырып, банктерге көмектеспейді, олардың менеджментін немесе акционерлерін қорғамайды. Өз қаржысын осы банктерге сеніп тапсырған салымшылардың, қаржылық қызметтерді тұтынушылар қаражатының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда қаражат банктерге қайтару шартымен беріледі (Анықтама үшін. Банктерді «сауықтыруға» дейін Казкомның жеке тұлғаларының депозиттері 1 296 млрд теңге болған; мемлекет пен квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелері - 2 080 млрд теңге; заңды тұлғалардың өзге салымдары - 300 млрд теңгеге бағаланған. РБК банкі бойынша цифрлар тәртібі төмендегідей: жеке тұлғалардың депозиттері - 188 млрд теңге; мемлекет пен квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелері - 490 млрд теңге; заңды тұлғалардың өзге де салымдары - 93 млрд теңге. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында барлық депозиттер сақталды, олар банк жүйесінде қалды және жұмысын жалғастыруда).

- Кезекті рет бірнеше банктің лицензиялары қайтарып алынды. Мұның себебі неде? Ұлттық банк әлеуетті банктерге қолдау білдіре ме?

- 2018 жылдың тамыз айында ҚР Ұлттық Банкі пруденциалық нормативтерді сақтамаған екі банктен лицензияны қайтарып алды. Тиісінше, олардың несие саясаты, халықтың және кәсіпорындардың ақшасын сақтау дәрежесі өте төмен болды. Акционерлер бұл институттарды өз бетімен жақсарта алмады. Ұлттық Банк инвесторларды табуға, келіссөздер жүргізуге тырысты. Өкінішке қарай, аталған банктердің келешегі болмады.

Ұлттық Банк жоспарлы түрде қаржы секторын әділ емес институттардан тазарту шараларын өткізіп отырады және болашақта да бұл жұмысты жалғастырады. Бірақ мұндай жұмыстармен қатар, қаржы реттеушісі бәсекелестік ортаны қамтамасыз ете отырып, дұрыс қаржылық саясатты жүзеге асыратын институттарды нығайтады. Сонымен бірге, тәуекелдерді басқарудың дұрыс жүйесі бар банктердің дамуын реттеу талаптарын жеңілдету арқылы ынталандыратын боламыз. 2019 жылдан бастап, әлеуетті банктер нормативтер мен пруденциалдық реттеудің жеңілдетілген талаптарын қолданады деп күтілуде.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар