Ұлттық банк төрағасы теңге/рубль бағамының қалай реттелетінін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теңге мен рубльдің арасындағы бағам доллар бағамына қарай реттеледі. Бұл елдің алтын-валюта қорының ортаймауына ықпал етеді. ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған сұхбатта Ғалымжан Пірматов осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайды, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасады. Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет. Ал, қазір біздің Ресейден әкелетініміз, Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауарларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сондықтан, теңгеге деген сұраныс төмен.

Құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және онымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалдар жасауға жол берілмейді», - дейді Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ, ол рубльдің кенет нығаюына әсер еткен ішкі-сыртқы факторларға тоқталды.

«Маусым айында рубльдің бағасы барлық валюталарға, ең алдымен АҚШ долларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай айтарлықтай нығаю Ресей Федерациясында енгізілген капитал қозғалысын шектеу шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағалары аясында, импорттың айтарлықтай қысқаруымен бірге орын алды. Бұрын енгізілген валюталық шектеулердің айтарлықтай жеңілдеуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды», - деді Ғалымжан Пірматов.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің төрағасы базалық мөшерлеменің неге өзгеріссіз қалғанын түсіндірген болатын .


Соңғы жаңалықтар