Ұлттық банк төрағасы Қазақстанның сыртқы қарызы туралы айтып берді
Оның атап өтуінше, сыртқы борыштың 62 пайызы фирмааралық берешекке тиесілі. Ол негізінен Қазақстанның аумағында мұнай-газ жобаларын іске асыратын шетелдік компаниялар филиалдарының қарызынан тұрады.
«Мемлекеттік сектордың сыртқы борышы 8 пайызды, мемлекет бақылайтын ұйымдардың үлесі - 16 пайызды, жеке сектордың борышы 14 пайызды құрайды», - деп түсіндірді Д. Ақышев.
ҰБ басшысы соңғы 3 жылда Қазақстанның сыртқы борышы мемлекеттің және оның бақылауындағы ұйымдардың сыртқы борышының, сондай-ақ топішілік қаржыландырудың есебінен 10 млрд АҚШ долларына немесе 6% ұлғайғанын айтып берді.
«Жеке қаржы секторының сыртқы міндеттемелері 4 млрд АҚШ долларына немесе 56 пайызға қысқарды», - деп атап өтті Д. Ақышев.
Д. Ақышевтің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта Үкімет мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыз алуды бақылау күшейтіліп жатыр. Ұлттық банк өз кезегінде қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеу жұмысын жалғастырады.