Ұлттық банк төрағасы: Инфляцияға қарсы шаралар кешені әзірленіп, дайын тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бағытында инфляцияға қатысты қадамдарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйекте айтылған Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруға айрықша көңіл бөлетін болады. Мемлекет басшысы Жолдауда монетарлық емес факторлар әсерінің ұлғаюын, әсіресе азық-түлік бағасының өскенін атап өтті. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, ішкі өндіріс қажеттілігінің ресми қамтылуына қарамастан, жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4 пайызды құрады. Маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіздің бақылаусыз экспортына байланысты олардың жазғы айларға тән бағаға қарағанда, бағаларының күрт өсуі және соның салдарынан ішкі нарықта дефициттің пайда болуы осы жылдың айқын көрінісі болып отыр», - деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген факторлардың негізінде Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресте Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек.

«Инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша Жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленіп, келісудің соңғы сатысында тұр. Макроэкономикалық саясатты үйлестіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған келісіммен бірге бұл шаралар инфляцияның азық-түлікке жататын және азық-түлікке жатпайтын бөліктерінің монетарлық емес факторларын айтарлықтай төмендетуді қамтамасыз етуге, орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты қамтамасыз етуге тиіс», - деді ҰБ басшысы.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар