Ұлттық банк теңгенің долларға қатысты әлсіреуі мен рубльдің нығаю себептерін атады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі теңгенің долларға қатысты әлсіреуінің және рубльге қатысты нығаюының себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта бағамдарының қалыптасуы сыртқы және ішкі факторларға тәуелді екенін атап өтті. Сонымен қатар кейбір сыртқы факторлар әлемдік валюталардың бүкіл класы үшін жүйелік болуы мүмкін.

«Соңғы уақытта тәуекел дәрежесінің төмендеуі дамушы нарықтардан қорғаныс активтерінің пайдасына капиталдың әкетілуіне және тиісінше көптеген Emerging markets ұлттық валюталарының әлсіреуіне алып келді. Олардың арасында «көшбасшылар» да бар. Атап айтқанда, Ресей рублі»,– деді ол.

Бұдан бөлек, инвесторлар қызығушылығының жаһандық төмендеуімен қатар рубльге жекелеген ерекше факторлар да әсер етті. Олардың ішінде, Беларусьтағы жағдай мен Қарабақ қақтығысы аймағындағы ахуал аясында геосаяси тәуекелдердің күшейгенін, сондай-ақ санкциялық риториканың шиеленіскенін атап көрсетуге болады.

«Жағымсыз факторлардан басқа, рубльді қолдайтын факторлар да болды. Үкіметтің валюталық директивасына сәйкес компанияларға мемлекеттің қатысуымен таза валюталық активтер мөлшерін шектеу тапсырылды, бұл қосымша валюта ұсынысын тудырады. Оған қоса, РФОБ Сбербанк акцияларының пакетін сатудан түскен валюта қалдықтарын сатуға қайта оралды. Жалпы рубль жыл басынан бері долларға қатысты 26,5%-ға әлсіреді, бұл ретте тек қыркүйекте ғана 4,9%-ға әлсіреді. Осы кезеңдерде теңге тиісінше 12,3%-ға және 2,8%-ға әлсіреді»,– деп атап өтті Әлия Молдабекова.

Әртүрлі әлсіреу қарқыны тепе-теңдікке әсер етті. Егер жылдың басында рубльді 6,2 теңгеге сатып алуға болатын болса, соңғы уақытта бір рубльдің құны 5,5–5,6 теңгені құрады.

Сонымен қатар, ол теңгенің рубльге қатысты әлсіреуі ықтималдығы туралы айтты.

«Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып табылатынын ескере отырып, теңге бағамының қалыптасуына рубльдің айтарлықтай әсер ететіні белгілі. Бірақ тек рубльге ғана қысым жасайтын Ресейге ғана тән санкциялық факторлар теңгеге әсер етпейді. Сондықтан теңге бағамының серпіні рубль серпініне ілесе алмайды. Теңге бағамы ең алдымен іргелі сыртқы және ішкі факторлар негізінде қалыптасатын болады, олардың негізгісі мұнай бағасы»,– деді банк өкілі.

Оның айтуынша, қыркүйекте ҚР Қаржы министрлігінің облигациялары Ресей нарығында сәтті орналастырылды.

«Ресейден келетін импорт көлемі экспорттан едәуір асып түседі, бұл импорттаушылар тарапынан рубльге тұрақты сұранысты тудырады және ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздік себептерінің бірі болып табылады. Бұл екінші деңгейдегі банктерді транзиттік валюта ретінде АҚШ долларын пайдалана отырып есеп айырысуды жүзеге асыруға мәжбүр етеді»,– деді ол.

Ұлттық Банк теңге үшін негізгі іргелі фактор – мұнай нарығындағы ахуалды да мұқият қадағалап отырады.

Азия аймағындағы сатып алушылар үшін Arab Light негізгі сұрыпына қараша айында Сауд Арабиясының ресми бағалардың көтерілуі энергетикалық нарық үшін жағымды жаңалық болды.

«Алайда, мұнай бағасының негізгі тәуекелдері әлемдік сұраныстың күтілгеннен баяу қалпына келуі, пандемиямен байланысты жағдайдың нашарлауы, ОПЕК+ елдері кейбір мүшелерінің өндіріс квоталары бойынша шектеулерді сақтамауы және Ливияда мұнай өндірісін ішінара қалпына келтіру болып қала береді. Дамушы елдер, әсіресе мұнай экспорттаушы елдер мен Қазақстанның сауда әріптестері валюталарының серпіні де теңге бағамына әсер ететін болады»,– деді Әлия Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар