Ұлттық банк теңге бағамына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкі Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов теңгенің айырбастау бағамына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, 2 қарашада ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты бағамы 0,55% әлсіреп, бүгінгі сауда-саттық 435,2 теңге деңгейінде жабылды.

Н.Тұрсынханов әлемдік нарықтардағы жағдай теңгенің серпініне қалай әсер еткенін айтып берді.

«Әлемдік нарықтардағы оқиғалар тәуекелді активтерге және дамушы елдердің валюталарына, оның ішінде теңгеге де теріс әсерін тигізуді жалғастыруда.

Коронавирустың екінші толқынының қаупі іске асуда. Әлемде сырқаттанғандар саны 46,5 млн жағдайға жетті. Германия мен Франциядағы локдауннан кейін Ұлыбританияда жаңа шектеу шараларының енгізілетіні туралы жарияланды: 5 қараша – 2 желтоқсан аралығында бірінші қажеттілік тауарларын сататындардан басқа барлық бөлшек сауда кәсіпорындары жабылады. Осылайша, коронавирусты жұқтырудың екінші толқыны үдеп, жаһандық экономиканың өсу перспективасына қауіп төндіруде», - деді ол.

Спикер атап өткендей, осының аясында мұнайдың бағасы едәуір төмендеді.

«2 қарашада сауда-саттықтың ашылуында Brent сұрыпты мұнай фьючерсінің бағасы күрт төмендеп, бір баррель үшін 37 АҚШ доллары белгісіне жетті, бұл жұмадағы жабылудан 4,6%-ға төмен болды.

Нарықта ұсыныстың өсуі де мұнай үшін теріс фактор болып табылады. 31 қазанда Ливияның ресми тұлғалары елде мұнай өндірудің тәулігіне 800 мың баррельге дейін өсуі туралы және 2021 жылдың басында өндіруді тәулігіне 1,3 млн баррельге дейін арттыру жөніндегі өздерінің жоспарлары туралы хабарлады.

Дамушы елдердің валюталары күрделі қысымның ықпалында. Ең жоғары әлсіреуді Ресей рублі көрсетті, ол сауда сессиясының ашылуынан бастап бүгін ағымдағы жылғы наурыздан бері алғаш рет бір АҚШ доллары үшін 80 рубль белгісінен асып, бір күн ішінде 80,95 белгісіне жетті. Өткен дүйсенбі

26 қазаннан бастап басқаларына қарағанда АҚШ долларына қатысты Ресей рублі (–5,27%), түрік лирасы (–3,94%) және Мексика песосы (–1,43%) әлсіреді», - дейді Н.Тұрсынханов.

Департамент директорының айтуынша, аталған барлық фактор жиынтығында ұлттық валютаның бағамына әсер етеді және бұдан кейінгі серпін әлемдік нарықтардағы ахуалға сөзсіз байланысты болады.

«Алдағы уақытта болатын Президент сайлауы мен АҚШ Конгресіне сайлау, сондай-ақ мұнай өндіруді қысқартуға қолданыстағы квоталарды ұзарту жөніндегі ОПЕК+ шешімі әлемдік нарықтардағы таяу серпінді айқындайтын негізгі факторлар болып табылады. 2021 жылғы мәміленің талаптары туралы шешім ағымдағы жылғы қарашаның соңында – желтоқсанның басында қабылданатыны күтіледі», - деп түйіндеді ол.


Соңғы жаңалықтар