Ұлттық банк теңге бағамына қатысты мәлімдеме жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі валюталық нарыққа байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы регуляторы сауда текетірестері мен мұнай қорларының өсуіне байланысты әлемдік нарықтарда мұнай бағасының төмендеуіне әсер еткенін хабарлайды. Мәселен, мұнай бағасы 28 мамыр - 5 маусым аралығында бір баррель үшін 70 АҚШ

долларынан 61 АҚШ долларына дейін немесе 12 пайызға төмендеген. Бұл теңге бағамына тікелей әсер етіп отыр.

«2019 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 384,53 теңгеге деңгейге жетті. Кейбір дамушы экономикалардың, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптестері валюталарының бағамдары да әлсіреді. Сыртқы факторларды қоспағанда, теңгенің әлсіреуіне әлеуметтік желілердегі болжамдармен күшейіп отырған нарықтың психологиялық ықпал әсер етті», - делінген Ұлттық банктің мәлімдемесінде.

Десе де, соңғы тәулікте мұнай бағасы бір баррель үшін 62,2-ден 62,5 АҚШ долларына дейін өсіп, бұл шамалы өзгеріс теңге бағамына жағымды әсер еткен. 7 маусым күні кешкі жағдай бойынша доллардың биржалық бағамы 0,3 пайыздық өсімді көрсетіп, 383,26 теңге болды.

«Валюта нарығындағы ахуал Қазақстан Ұлттық Банкінің жіті бақылауында», - делінген хабарламада.

Ұлттық банк ішкі іргелі факторлар жағымды болып қалып отырғанын, мәселен, төлем балансының ағымдағы шотының сальдосы қатарынан екінші тоқсан бойы оң бағытта қалыптасқанын хабарлайды. Бұл жағдай елдің халықаралық резервтерінің нығаюын куәландыра түскен.

«Қазақстан Ұлттық Банкінің алты валюта резервтері осы жылдың мамырында 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына өсіп, 28,0 млрд АҚШ долларын құрады. Қажетті минимум 3 ай болғанда олардың көлемі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады. Қазақстан Ұлттық Банкі шетел валютасын сатып алуға сараланған тұрғыдан қарауды ұсынады. Бағам әлсірегені секілді нығаю жағына қарай да ауытқуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Мәдина Әбілқасымова теңге бағамының өзгеруіне қатысты пікір білдірген болатын.

«Теңгенің айырбас бағамы бірінші кезекте іргелі факторларға, мұнай бағасының өзгеруіне байланысты. Соңғы аптада әлемнің алпауыт елдері арасындағы сауда текетіресінің күшеюі тұрғысында нарықтағы мұнай бағасының тиісті төмендеуі байқалды. Сәйкесінше, көптеген дамушы нарықтардың валюталарына тиісті деңгейде әсер етті. Теңгенің бағамына ықпал ететін іргелі факторларға қарай бағамның өзгеруі әлсіреу немесе нығаю жағына қарай болады. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс та теңге бағамына әсерін тигізеді. Осы орайда аталған бағыттағы жағдайды тыңғылықты бақылап отырмыз», - деді М. Әбілқасымова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беріп.

Соңғы жаңалықтар