Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру шараларын жүргізіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық Банкі теңге бағамының күрт өзгеруі мен оның инфляцияға әсерін шектеу шараларын жүргізуде. Бұл туралы банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банк теңге бағамының күрт өзгеруін және оның инфляцияға әсерін шектеу шараларын қабылдауда. Кей күндері валюталық интервенциялар да жүргізді. Бұл туралы ақпарат жедел түрде жарияланды», - деді Ғ. Пірматов Сенаттың бүгінгі отырысында.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валютаны сату көлемін ұлғайту мақсатында олардың жалпы валюталық түсімінің міндетті сату мөлшері 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтылды.

«Ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз ету, капиталды шығаруға жол бермеу және алыпсатарлық сұранысты төмендету үшін бірінші кезектегі дағдарысқа қарсы шаралар аясында трансшекаралық қаржы операцияларын бақылау шаралары күшейтілді, валюта мен алтынды әкетуге шектеу қойылды.

Қолма-қол шетел валютасының ішкі нарықтағы жағдайды қалыпқа келтіру шаралары қабылданды. Халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қолма-қол шетел валютасы жеткілікті мөлшерде әкелінді», - деді спикер.

Қабылданған шараларға байланысты ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақталып келеді.

«Геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты жаһандық қаржы, тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған өзгерістер аясында теңгенің бағамы биылғы 15 наурызда ең жоғары – 512,17 теңгеге дейін әлсіреп, сәуірдің қорытындысы бойынша 445,62 теңгеге дейін нығайды. Қазіргі уақытта сұраныс пен ұсыныс теңесіп тұр», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұған дейін Ғалымжан Пірматов Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық жағдай неліктен қолайсыз болатынын түсіндірген еді.

Сондай-ақ, бірінші тоқсанда жалпы ішкі өнім 4,4%-ға өсіп, экономика өсімі пандемияға дейінгі деңгейіне оралған.


Соңғы жаңалықтар