Ұлттық банк тауар импортының арту себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 9 айында Қазақстанға келетін тауарлар импорты 12,2 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдын ала қорытынды бойынша 9 айда төлем балансы ағымдағы шотының дефициті өсіп, 2018 жылғы 9 айдағы 1,8 млрд доллармен салыстырғанда 4,7 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 2,2 пайызға қысқарып, 42,7 млрд доллар болды. Бұл мұнай бағасының төмендеуіне және мұнай мен газ конденсаты нақты жеткізілуінің 3,1 пайызға қысқаруына байланысты. Brent маркалы мұнайдың орташа айлық бағасы қаңтар-қазанда бір баррель үшін 64,2 доллар болды. Бұл өткен жылғы осындай кезеңнен 13 пайызға төмен», - деді ол.

Оның дерегінше, металл экспортының нақты көлемі тұрақты болы қалды. Алайда кейбір металдар бағасының төмендеуі олардың экспортының 5,2 пайызға қысқаруына әкелді.

«Тауарлар импорты 9 айда 12,2 пайызға 28,2 млрд долларға дейін өсті. Бұл инвестициялық тауарларды әкелудің 31,4 пайызға және азық-түлікке жатпайтын тауарларды әкелудің 11,2 пайызға ұлғаюы нәтижесінде орын алды. Импорттың өсуі ірі шикізат және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде ТШО, Қашаған, «Сары-Арқа» газ құбыры, Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолы, «Хендай» автозауытын іске асыруды жалғастыру үшін материалдар мен жабдықты сатып алуға байланысты», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Соңғы жаңалықтар