Ұлттық банк шетелдік валютаның қозғалысын қатаң бақылауға алады
2017 жылғы 8 тамыз 20:14

Ұлттық банк шетелдік валютаның қозғалысын қатаң бақылауға алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық Банкінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңның өзгерістері мен жаңа нормалары туралы бүгін Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында журналистерге ҚР Ұлттық Банкі Төлем баллансы және валюталық реттеу департаментінің директоры Айгүл Боранбаева әңгімеледі.

Оның айтуынша, Ұлттық банк жаңа заңнамаға сәйкес шетелдік валюта қозғалысын қатаң бақылауда ұстайтын болады.

«Талдау көрсеткендей, әр ай сайын валютаны сатып алудың 30 пайызын сатып алушылар міндеттемелерін өтеу үшін емес басқа мақсатта жүзеге асырады. Осы операцияларды қатаң бақылауға аламыз, - деді ол.

Оның айтуынша, қарыз Қазақстан резидентіне қайтпаған жағдайда мұндай мәмілелер құқық қорғау органдарының назарына ілінеді.

Ал жалпы алғанда заңнаманың басқа пункттері бойынша шараларды қатаңдату көзделмейді.

Айгүл Боранбаева атап өткендей, заң жобасында ырықтандырылған валюталық режим қағидаттарын және валюталық реттеудің қолданыстағы ақпараттық құралдарын сақтау көзделеді, сондықтан оны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқпайды.

«Заң жобасын әзірлеудің мақсаты серпінді дамып отырған нарықтар жағдайындағы валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттеуді жетілдіру болып табылады. Оның ішінде шетелдік ұйымдар филиалдарының Қазақстан нарығына кіруінің кеңейтілуін ескере отырып және «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты», - деді ол.

Заң жобасын қабылдау - капиталдың трансшекаралық қозғалысының статистикалық мониторингін жақсартуға, валюталық реттеу режимдерінің негізгі рәсімдерін оңтайландыруға, кәсіпкерлік қызметте және халықтың операцияларында және сол сияқты макроэкономикалық деңгейде іске асырылатын қолма-қол ақшасыз және қолма-қол конверсиялық операциялардың тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік жасайды.

Айгүл Боранбаева хабарлағандай, қазіргі кезде заң жобасының мәтіні ғылыми сараптаманың, мемлекеттік органдардың, қоғамдық қауымдастықтардың (Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы) ескертулері мен ұсыныстары бойынша пысықталуда.

«Заң жобасының мәтіні ашық түрде Ұлттық Банктің сайтына 2017 жылғы 25 мамырда орналастырылған. Біз сондай-ақ заң жобасы бойынша сұрақтарға Ұлттық Банктің Facebook- тың «ҚР Ұлттық Банкі хабарлайды, түсіндіреді, түсініктеме береді» деген бетінде жауап беруге дайынбыз», - деп толықтырды ҚР ҰБ өкілі.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT