Ұлттық банк шетел валютасының бағамына қандай факторлар әсер ететінін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ішкі валюта нарығы және әлемдік қаржылық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұнай бағасы теңге бағамы үшін негізгі макрофакторлардың бірі болып қалады.

«Ішкі нарықтағы шетел валютасын ұсыну көлемі мұнай бағасына байланысты. Алайда, бағамның қалыптасуына әсер ететін көптеген ішкі және сыртқы құрамдас бөліктер бар, бұл жағдай дамыған және дамушы нарықтардың валютасына тән. Біріншіден, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және фискалдық серпіннің аясында импорттың өсуі теңге бағамына тұрақты қысым көрсетіп отыр. Сондықтан, мұнай нарығындағы ралли нәтижесінде экспорттаушылардың валюталық түсімінің өсуіне қарамастан, шетел валютасына сұраныстың байқалып отырған өсуі теңгенің нығаюына мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, тұтыну тауарлары импортының өсуіне байланысты төлем балансының ағымдағы шоты тапшылықта қалып отыр»,- дейді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, бизнес пен халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың өсуіне Ресей тауарлары импортының артуы айқын мысал бола алады.

«Мен соңғы берген сұхбатта биылғы жылғы екінші тоқсанның нәтижесі бойынша Ресейден әкелінетін импорт 4,2 млрд АҚШ долларына жетіп, 2020 жылғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 36,1%-ға ұлғайғанын, ал осы жылғы бірінші тоқсанда осындай көрсеткіш 2,4% болғанын атап өткен едім. Осылайша, Ресей Федерациясынан әкелінетін тауарларға ішкі сұраныстың артуы теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамының әлсіреуіне алып келеді. Биылғы жылғы қазанда теңгенің рубльге қатысты бағамы бір рубль үшін 5,85 теңгеден 6,05 теңгеге дейін немесе 3,4%-ға әлсіреді», - дейді Ұлттық банк өкілі.

Екіншіден, еркін өзгермелі жағдайда жаһандық үрдістер теңгеге тікелей ықпал етіп отыр.

Саны бойынша жеңілдету бағдарламаларын қысқарту және 2022 жылы Fed мөлшерлемесінің артуы жөніндегі нарықтың күтулері аясында АҚШ долларының нығаюы инвесторлар арасында дамушы нарықтарға қатысты теріс сентимент туындатады.

«Үшіншіден, осы жылы шикізат тауарлары бағасының өсуі мен шикізат экономикалары валюталарының серпіні арасындағы әлсіз байланыс жаһандық кеңістікте байқалды. Канада доллары, Норвегия кронасы, Ресей рублі жыл басынан бері мұнайдың екі мәнді өсуіне қарамастан, салыстырмалы түрде нығаймады. Кейбір талдаушылар бұл жағдайды АҚШ долларының жаһандық нығаюымен ғана емес, мұнай бағасының ұзақ мерзімді өсуінде сенімділіктің болмауымен де байланыстырады. Олардың пікірі бойынша, бұл байқалып отырған энергетикалық дағдарыстың уақытша сипатына, сондай-ақ ОПЕК+ тарапынан өндіруді әлеуетті ұлғайтуға байланысты».- деп қосты спикер.

Соның салдарынан, мұнай бағасының өскеніне қарамастан, ұлттық валюта бір айда 0,3 пайызға, бір доллар үшін 427,15 теңгеге дейін әлсіреді.

«Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ. Теңгеге бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін 988 миллион доллар көлемінде ұлттық қор қаражатын айырбастау және квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан 208 миллион доллар мөлшерінде міндетті сату операциялары қолдау көрсетті. Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасын қосымша ұсыну нарықтың өтімділігін жақсартуға және сұранысты ішінара қанағаттандыруға ықпал етеді. Қарашаның басынан бері мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бағамы 0,5 пайызға, 429,20-ға дейін әлсіреді», - деп атап өтті Әлия Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар