Ұлттық банк өкілі індет тараған тұстағы экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов кәсіпкерлік белсенділік индексінің жай-күйі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылы әлемнің көптеген елдерінің экономикасына коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына байланысты факторлар әсер етті. Бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда үкіметтер қабылдаған шектеу шаралары, сондай-ақ олардың салдары экономикалық белсенділіктің айтарлықтай төмендеуіне әкелді. Бұған нақты сектордағы кәсіпорындардың айтарлықтай нашарлауы да дәлел болып отыр.

«Ұлттық банк жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, респондент кәсіпорындардың көпшілігі іскерлік белсенділіктің едәуір нашарлауы 2020 жылғы сәуірде болғанын көрсетеді. Осылайша, іскерлік белсенділік индексі 2016 жылғы қыркүйектен бастап алғаш рет 37,2-ге дейін төмендеді. Индекстің құрамдас бөліктері бойынша да рекордтық төмендеу байқалды: қызмет көрсету саласындағы индекс 34,8, құрылыста – 36,5, өнеркәсіпте – 42,1 құрады. Күрт төмендеу 2020 жылғы 16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай режимінің және 2020 жылғы 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин енгізілуіне байланысты болды»,–деді Жандос Шаймарданов.

Оның айтуынша, карантинге түскен қалалар мен облыстардың тізімі вирус жұқтыру жағдайларының анықталуына қарай кеңейіп отырды, бұл нақты сектордың көптеген субъектілерінің қызметін тоқтатты.

«2020 жылғы мамыр-маусымда карантин режимі бәсеңдеген сайын экономикалық процестердің жандануы байқалды. Осылайша, кәсіпорындардың бағалауы бойынша, іскерлік белсенділік индексі 2020 жылғы сәуірдегі ең төмен құлдырауынан кейін маусымда 46,8 дейін қалпына келді. Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты карантин режимі 2020 жылғы шілдеде қайта енгізіліп, 17 тамызға дейін ұзартылды. Бұл нақты сектор кәсіпорындарының іскерлік белсенділік индексінің шілдеде 44,7-ге дейін қайта төмендеуіне және тамызда 45,4-ке дейін аздап өсуіне әкелді»,– деді спикер.

Карантин шараларын күшейту қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіпке барынша теріс әсер етті.

«Іскерлік белсенділік индексі шілдеде (44,7) төмендегеннен кейін тамызда 45,4-ке дейін өсті. Нақты секторда экономиканың қалпына келуі қызмет көрсету саласындағы көрсеткіштің ұлғаюы есебінен болды, онда индекс 43,1-ден 44,2-ге дейін көтерілді. Өнеркәсіпте 0,3 тармаққа 48,3-ке дейін ұлғаю байқалады. Бұл жаңа тапсырыстардың шамалы өсуіне байланысты»,– деді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов.

Тамызда бизнес-климат индексі 4,2 тармаққа жақсарды және (-) 3,0 мәніне жетті, алайда әлі де теріс аймақта тұр. Сонымен қатар, респонденттер қыркүйекте бизнес жүргізу жағдайы жақсарады деп күтуде.

Іскерлік белсенділік индексі кәсіпорындарға олардың ағымдағы көрсеткіштері мен болашақтағы күтілетін өзгерістері бойынша жүргізілген сауалнама негізінде қалыптасады. Тамызда сауалнамаға 447 кәсіпорын қатысты.


Соңғы жаңалықтар